astana-view

Екіжақты келісімнің жаңа тынысы

2016 жылғы 01 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
11608 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Солтүстік Қазақстан облыстық Әділет Департаменті өзара түсіністік пен серіктестік туралы жаңа Меморандумға қол қойды.

Кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайтуға арналған кездесуде ҚР заңына енгізілген өзгертулерді талқылай отырып келісімнің жаңартылған нұсқасына қол қойылды.

Басқосу барысында СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов бүгінгі таңда палата әділет органдарымен облыстық деңгейде де, аймақтық тұрғыда да тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтті. Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркеуінен бастап, қозғалмайтын мүлікті тіркеу, зияткерлік меншіктің құқын қорғау кезінде де бар заңдылық сақталады. 

«Өңірлік палата алаңында авторлық және сабақтас құқықтарға ұжымдық иелік етуге қатысты механизмді жетілдіруге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Оларға авторлық құқықты қорғау ұйымдары шақырылды. Заң аясында түсіндіру жұмыстары толық атқарылды. Кәсіпкерлер палатасының сараптау жұмыстары негізінде әділет органдарымен түрлі жобалар бойынша нормативті актілерді қарастыра отырып, кәсіпкерлердің құқын қорғайтын тиімді жұмыстар жасалды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің заңды құқын қорғайтын, заңды жетілдіру мен көрсетілген қызметті ыңғайлы етуге қатысты өзара ортақ істерге қол жеткізілді», – дейді Т.Ысқақов.

Айта кетерлігі, әділет департаментінің өкілдері палата негізінде құрылған Әйелдер кеңесінің де құрамына кіреді. Әйелдер кеңесі шағын және орта кәсіркерлік аясындағы әйелдердің кәсібін дамыту, қолдау үшін ашылған.

«Бұл ұйымдардың ортақ жұмыс жасауының негізгі мақсаты – әділет департаменті құқықтық саладағы модернизацияға құлшынысын нақтылап отыр, азаматтық қоғамның дамуына жол салып, тиімді құқықтық қорқауды қамтамасыз ету, құқықты мемлекеттік ұстанымдарға сай стандартты сапалы қызмет көрсету» – дейді СҚО КП директоры.

Елдің бәсекеге қабілетті болуы барлық мемлекеттік органдардың мақсаты болуы тиіс. Жетістік өзара тиімді серіктестіктің нәтижесінде ғана көзге көрінбек. Бұл туралы өз сөзінде СҚО Әділет департаменті басшысының қызметін атқарушы Гүлнар Қожахметова да айтты.

«Бәсекеге қабілеттілік Бүкіләлемдік экономикалық форум индексі бойынша бағаланады. Оның кей индикаторлары бойынша жауапкершілік Әділет Министрлігіне артылады. Сол индикаторлар бойынша министрлік заңды жетілдіру мен ұтымды тәжірибені қолдану жұмыстарын атқарып жатыр. 2015-16 жылдарға арналған бәсекеге қабілеттілік жөнінде жасалған есеп бойынша Қазақстан әлемдегі 140 ел арасында 42 орында тұр. Былтырғы орынынан 8 бірлікке көтерілген. Бәсекеге қабілеттілік индексіне қатысқалы бері Қазақстанның ең жоғары көрсеткіші осы», – деді Гүлнар Қалиқанқызы.

Одан ары қарай әділет департаменті бастығының қызметін атқарушы ханым бірнеше индикаторларға, заңдағы өзгерістерге тоқталды.

Ортақ жұмыстың барлық қыр-сырын ортаға салған соң тараптар екіжақты келісімге қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер