Бизнес тренинг – табысты өмір кепілі бола ала ма?
Еліміздегі бизнес-тренерлер сабақ алушыларды әртүрлі жолмен ынталандырады
Қазақстанда түрлі деңгейдегі семинарлар, шеберлік сыныптары мен бизнес-тренингтер ұйымдастырылып жүр. Дегенмен, мұндай тренингтерге қатысқан тұлғалардың сағаттап жұмсаған уақыттары табысты өмір сүруге сеп болып жатыр ма? Осы турасында Еуропа кеңістігіне белгілі Success Resources компаниясының жетекшісі Әсел Сыдықова халықаралық деңгейдегі бизнес-тренингтер адамдарға не береді деген сауалға өз пікірін білдірді.
Қазіргі таңда Әсел Ұлыбританияда жылжымайтын мүлікті өңдеуден өткізіп, саудаға салып немесе жалға берумен айналысады. Сондай-ақ, Қазақстанда тұлғалық қалыбын қалыптастыруға ынталы кәсіпкерлер мен қарапайым адамдарға арналған сапалы білім беретін коучингті табыс академиясын құрған. Коучингті академияның басты мақсаты арнайы бизнес-тренингтар арқылы болашақ кәсіпкердің бойына қажетті барлық қасиетті қалыптастыруға жұмыс жасауға негізделген. «Тренинг – психологиялық қойылым. Тренингке адам көбірек қатысқан сайын соғұрлым тренерге жақсы. Себебі, топ адамды басқару оңай, – деген пікірді қостаған Әсел, – бірақ алғашқы тренингте өзіне керегін таба алмаған әрбір адам өзі салған ақшаны толықтай қайтарып ала алады», – деп, компанияның сапаға жұмыс жасайтынын айтты.
Айта кетейік, Әсел орта мектепті тәмамдай салып, Америка Құрама Штаттарын жаулап аламын деген асқақ арманға қол созған. Алайда, бұл арман орындалмай, есесіне өмір сүру жағынан әлемдегі ең қымбат саналатын қала Ұлыбританиядан кәсіп табылып, асханада ыдыс жуудан бастаған. Бала күтушісі де болған Әсел өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жетістікке әр адам жете алады деген тұжырымды сеніммен айтады. Ең бастысы жолдың соңы қайда апарып соғарын болжай білсеңіз болғаны.
Бизнес-тренинг – кәсіптің бір түрі. Әйтсе де, оны қызығушылық үшін ғана игеріп жүрген бизнес-тренерлер де бар. Осы турасында 2009 жылдан бері бизнес-тренер ғана емес салауатты өмір сүру салтын насихаттап, адамның жеке тұлғалық дамуына үлес қосып жүрген Алмас Исабеков былай дейді: «Қазіргі таңда оқытушылықты қолға алған бизнес-тренерлердің 80 пайызы өз жұмысын тоқтатып жатады. Себебі, білімнің жетіспеушілігінен, тек қызығушылық деп қарағандықтан. Бизнес-теренерлік кәсіп болғандықтан жауапкершілікпен қарап, әлемдік бизнес-тренерлердің алғашқы ондығына енуді көздеу қажет. Ол үшін өзіңді ұдайы дамытып отыру керек». Сондай-ақ, бизнес-тренерлік қызметіндегі ерекшелігін ағылшын тілін жетік білуімде деп есептеген Алмас Исабеков: «Бизнесмендерді даярлау жауапкершілігін ағылшын тілін жетік меңгерумен байланыстырамын. Әлемдегі бизнеске қатысты әдеби кітіптардың басым көпшілігі ағылшын тілінде болғандықтан, орыс тілді әдебиеттермен шектелетін әріптестерімнің болашағы бұлыңғыр», – деп жорамалдайды.
Бизнес-тренинг тренерлер үшін табыс көзі емес деуші әріптестеріне тоғыз жылдық тәжірибесі бар бизнес-тренер Аманжол Рысмендиевтің өз айтары бар: «Тренерлік – кәсіптің бір түрі. Кәсіп болған соң нәсібі болады. Бұл жерде халыққа ықыласпен қызмет ету басты құндылық, – дей келе, – Біздің компанияның бизнес-тренинг жүргізудегі басты мақсаты алдыңа келген адамға және жаңа басталған кәсіпке мотивация беру. Әлбетте, біз діттеген мақсатымызды 100 пайыз орындаймыз. Олай айтып отырған себебім, көптеген бизнес-тренерлер технология бергенімен мотивация бере алмайды. Кейде керісінше мотивация беріп, оған барар жолды көрсете алмайтын кездері болады», – деп ой бөлісті.
Ал, көптің бірі болудан жалыққан Әсел Сыдықова «Өз ішіңдегі алыпты оят!» атты тренинг жобасын жүзеге асырып жүр. Ол: «Керекті тәжірибе мен білімді, білікті қалыптастырдым, енді оны басқаларға өз атымнан ұсынатын кез келді. Мен ешқашан алдыма келген адамға өміріңді өзгертіп жіберемін деп уәде бермеймін. Мен олардың қолына қолданса да, қолданбаса да құрал беремін. Өз басым, саған ештеңе жасаудың қажеті жоқ деген бизнес-тренерлерді де көріп жүрмін, ол дұрыс емес», – дейді.
Сондай-ақ, тәлім алып жүрген қазақстандық жас кәсіпкерлердің бизнес-тренингтер жайлы пікірлері де әр алуан. Мәселен, Қазақстанға белгілі бизнес-тренер Мейірбек Жұмабековтен дәріс алып жүрген жас кәсіпкер Таир Нұғман тренингтер арқылы көп жетістікке қол жеткізуге болатынын айтады. Ол: «Бизнес-тренингтерге қатысу – кәсібіңе және тұлға ретінде қалыптасуыңа салынған маңызды инвестиция деп есептеймін. Қазіргі таңда қазақша бизнес-тренингтер жүргізетін бизнес-тренерлердің қатары өте аз. Баға жағынан да қазақ тілді тренингтердің бағасы арзан келеді, себебі, келушілер саны аз. Бизнесті өз тіліңде жүргізу қазіргі қоғамда жаңа бастамаға айналып, ара-тұра айтылып жатыр. Сондықтан, тренингтерге баруға, соның ішінде қазақ тілді бизнес-тренингтерге баруға кеңес беремін. Жеке кәсібімнің табысты басталуының 70 пайызы арнайы бизнес-тренингтердің арқасында, ал, қалған 30 пайызы өзімнің ынта-жігеріме байланысты болды», – деп кеңесін берді.
Бизнес бастау үшін емес, жеке қызығушылықпен әртүрлі бизнес-тренингтерге қатысып жүрген журналист Шынар Ізбасар: «Мен бизнес-тренингтердің қалай өтетіндігін білу үшін, кәсіби мамандардың даярлығын байқау үшін, сондай-ақ, бизнеске мүлде құлшынысы жоқ адамның қызығушылығын бизнес-тренерлер оята ала ма деген жеке басымның сұрақтарын қанағаттандыру үшін бірнеше рет қатысып көрген жайым бар. Жалпы алғанда тренингтерден рухани әлеміңе қозғау салуға болады, бірақ бірден кәсібіңді бастап кету әсте мүмкін емес. Қажетті білімді өзің іздеп, арнайы кітаптар оқығаның абзал. Яғни, барлығы тікелей өзіңе байланысты», – деген пікірін білдірді.
Десек те, жоғарыдағы бизнес-тренерлердің жөн сілтеген пікіріне құлақ асу әркімнің өз еншісінде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: