astana-view

Көрші елдің нарығы біздің өнімдерге мұқтаж

2016 жылғы 04 Сәуір
- Алматы қаласы
4090 просмотров

Ресейдің ірі сауда желілері қазақстандық көкөністер мен жеміс-жидектерді сатып алуға ниет білдіріп отыр

Осы мақсатта екіжақты өзара сауда келісіміне қол жеткізу үшін Алматы облысының кәсіпкерлер палатасында ресейлік сауда желілерінің ритейлерімен әріптестік және өнімді өткізу мәселелері жөнінде кездесу өтті.

Шараға «Командор» (Красноярск қаласы), «Мария Ра» (Барнаул қаласы), «Эссен» (Татарстан Республикасы), «Самбери» (Хабаровск қаласы) сауда желілерінің өкілдері қатысты. Жиын барысында қонақтар осы жылдың сәуір айынан бастап ай сайын 3 мың тонна қазақстандық көкөністерді тасымалдауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Осы ретте бір айта кетерлігі, олар қазірдің өзінде қазақстандық өнімдерді сатып алып отыр. Алайда бұның өзі Ресей нарығының біздің отандық тауарға деген сұранысын толық қамтамасыз ете алмай келеді. Оның үстіне, қазақстандық өнімнің сапасы жоғары болғандықтан, ресейлік тұтынушылардың біздің өнімге деген сұранысы күн санап арта түскен. Сондықтан да ірі сауда желілері өкілдері бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлермен әріптестік орнату үшін, Алматы облысының кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. 

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық сұрақтар бойынша орынбасары Қанат Қабдиевтің айтуынша, ресейлік ритейлерлердің басты мақсаты – Қазақстан нарығын зерттеу, жаңа әріптестестік жолдарын қалыптастыру. Осы мақсаттың үддесінен шығу үшін ресейлік ірі сауда желі өкілдері арнайы осында келген.

Екіжақты кездесу барысында солтүстіктен келген қонақтар Алматы облысының ауылшаруашылық нарығының мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Енді олар өздеріне оралған соң, басшылықпен кеңесіп, нақты іс-қимылдарға көшетінін айтты. Әрі бұл жоспарды олар сәуір-шілде аралығында іске асыруды көздеп отырғандарын баян етті. Сондай-ақ картоп, пияз, қырыққабат сынды тасымалдауға төзімді көкөністер саудаланатыны да айтылды.

Кездесу барысында шаруалар өнімді тасымалдау, жеткізу мен жөнелту, сақтау, оны қабылдап алу бойынша сауалдар қойып, жауаптар қызу талқыланды. Тіпті, осы кедергілерді бірлесіп шешудің қажеттілігі атап өтілді. Ал кәсіпкерлер ресейліктермен байланыс орнатуға қызығушылық танытты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер