astana-view

Жарнамаға қатысты заң кәсіпкерлерді жаңылыстырып жүр

2016 жылғы 07 Сәуір
- Қызылорда облысы
12121 просмотров

Жарнамаға қатысты нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу қажет

Кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыға түскен басты мәселенің бірі жарнаманың заманауи құралдарына қатысты болды.

Соңғы кездері Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден келетін өтініштердің ішінде жарнама орналастыру мәселелеріне қатыстылары жиілеп кеткен. Мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен шарада қатысушылар жарнаманың құралы деген не, жеке ғимарат сыртына ілінген ілмек жарнама құралы болып есептеле ме деген сұрақтарға жауап іздеді.

Соңғы мәселе кәсіпкерлерді жиі жаңылыстырады. Өйткені, жарнама туралы заңда бұл сәттер ескертілмеген, ал нормалар бір-біріне қайшы келеді. Оған қоса, әкімдіктердің ішкі істер органдарымен бірігіп алып, түсіндірме жұмысы деген желеумен кәсіпкерлердің нысандарындағы билбордтарды, баннерлерді алып тастауын заңды әрекетке жатқыза алмас едік.

Заңда «рейд» деген түсінік бар ма өзі? Жоғарыда аталған жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілетін әрекеттер қаншалықты заңды? Осы мәселеге байланысты дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар тарапынан облыстық прокуратураға жергілікті атқарушы органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы өтініш хат жолдау туралы шешім қабылданды.

Кәсіпкерлер ортаға салған келесі мәселе жарнамаға салынатын салықтың екі есе өсуіне қатысты болды. Қоғамдық белсенді Эрик Теңізбаевтың пайымынша, қазіргі дағдарыс жағдайында жарнамаға салық төлемін азайту керек. Оның пікірінше, бұл мәселені облыстық мәслихаттың қарауына жіберген жөн. Бұл ұсыныс қолдау тауып, жақын арада облыстық мәслихатқа осы ұсыныспен хат жолданатын болды.

Кездесу жарнама туралы мәселелердің «толғағы жетті». Енді оларды бір ғана дөңгелек үстелдің басында шешу мүмкін болмағанымен, алғашқы қадам жасалды. Ұсыныстар ҰКП-ның орталық аппаратына жолданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер