astana-view

Қазақстанның экологиялық таза азық-түліктері қытайлықтардың талғамынан шықты

2016 жылғы 07 Сәуір
12485 просмотров

«Атамекен» ҰКП мен «Айцзюй» қытайлық компаниясы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс жоспарына қол қойды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін қазақстандық нарыққа қытай инвесторларын тарту жөнінде жұмыс жасауда. Мысалы екіжақты ынтымақтастық шеңберінде отандық тауар өндірушілер мен сианьдық «Айцзюй» индустриалды корпорациясы арасында өзара байланыс орнатылған еді. Компания Шэньси (ҚХР) провинциясындағы  майлы және дәнді дақылдарды қайта өңдеу саласына маманданған жетекші ауылшаруашылық кәсіпорыны. Оған сауда-логистикалық желі, қойма орындары мен 1200-ден аса дүкен тиесілі. Бірлескен ынтымақтастық аясында қазақстандық тағам өндірушілері өз өнімдерін көршілес мемлекеттің ауқымды нарығына шығаруға мүмкіндік алды. Тіл үйіретін дәмімен, табиғилығымен, жоғары сапалылығымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленетін қазақстандық азық-түлікке қытай нарығында сұраныс жоғары екенін айта кету керек.

«Біз «Айцзюй» компаниясымен бір жылдан бері жұмыс жасап келеміз. «Атамекеннің» атсалысуымен биыл Шэнси провинциясына 2 мың  тонна өсімдік майы жөнелтілді. Сондай-ақ, «Айцзюй» компаниясы тағы да Палата қолдауымен 40 тонна кондитерлік өнім сатып алды. Олар да қытай тұрғындары арасында сұранысқа ие», – деп хабарлады Агроөнеркәсіптік кешен комитеті хатшылығының басшысы Рүстем Құрманов.

Оның айтуынша, бұдан былай қос тарап ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ баспақ. «Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстанда инвестициялық жоба – майлы және дәнді дақылдарды күрделі қайта өңдеумен айналысатын зауыт құрылысын іске асыру жоспарланып отыр. ҰКП бұл жобаны бастан аяқ қолдайтын болады. Қазір жер телімін таңдау секілді алғашқы кезең қолға алынған», – деді Палата өкілі.

Жоба құны 58 млн. доллар екенін айта кету керек. Зауыт құрылысы биылдан басталады. Бірінші кезеңде күніне 500 тонна өсімдік майы және 500 тонна ұн шығару көзделіп отырса, болашақта бұл көрсеткіш 2 есе ұлғаймақ.

Тайынша ауданындағы майлы дақылдар өсірумен айналысатын 42 кәсіпорынды бірлескен кооперативке біріктіру жобаның маңызды тұсы болып отыр. Өз кезегінде, «Айцзюй» да алдын ала қаржыландыруға, дәндермен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге, мамандарды оқытуға көмектесіп, өндірілген өнімді өткізуге кепілдік береміз деп отыр.

Инвестициялық жобаны тиімді іске асыру мақсатында ҰКП алаңында «Атамекен» мен «Айцзюй» арасындағы бірлескен жоспарға қол қойылды. Мұндай жоспар тараптардың өзара әрекеттестігін айқын үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Палата мен қытай компаниясының ара қатынасын регламенттейтін меморандумға қол қойылды. «Айцзюй» компаниясының бас директоры Цзя Хэидің айтуынша, бүгінгі күні Қытай өз тұрғындарын экологиялық таза азық-түлікпен қамтуға ұмтылып отыр. «Қазақстан экологиялық таза тағамдарды өндіреді, сондықтан біз бұған аса қызығып отырмыз. Біздің мақсат – Қытайға экспортталатын майлы дақылдарды, оның ішінде жылына 300 мың тонна рапс пен  күнбағысты қайта өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорын, сонымен бірге ет-сүт өнімдері, кеспе және өзге де АӨК өнімдерін қайта өңдеу бойынша ірі  сауда-өнеркәсіптік база салу»,– деді ол.

Цзя Хэи Ұлттық палатаға өзара ынтымақтастық орнатуға атсалысқаны үшін өз алғысын білдірді.

«Атамекен» отандық және қытай кәсіпкерлеріне стратегиялық серіктестер іздеуде, қазақстандық өнімдерді экспорттау және жеткізу мәселелеріндегі кедергілерді жою бойынша нақты көмек көрсетіп отырғанын айта кету керек. Жобаларды қолдау екіжақты кездесулер ұйымдастырудан бастап жеткізілімді іс жүзінде атқару мен өнімді сатуға дейін толыққанды жүзеге асады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер