astana-view

Ғани Қасымов: «Бизнес өміршең болу үшін, оған өте қолайлы жағдайлар жасалу керек»

2016 жылғы 07 Сәуір
- Алматы қаласы
9637 просмотров

Алматыда «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Алматы қ. ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы өтуде

Отырыс Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатындағы «Атамекен» ҚР Палатасының өкілі, «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымовтың және Қазақстан Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың төрағалығымен өтті.

Күн тәртібінде тұрған мәселелер қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған коммуналдық меншік нысандарын жалға алу құнына, ақпараттық сипатта жазылған маңдайшалар жазуына салынатын негізсіз салықтарына, Алматы қ. қылмыстық қудалау органдарының немқұрайлылығына шағымданған кәсіпкерлердің өтініштеріне, «Тоспа су» МКК-ның, Сәулет және қала құрылысы басқармасының, Алматы қ. Мемлекеттік кірістер департаменті аудандық басқармасының заңға қайшы іс-қимылдары мен экономикалық саладағы өзге де жүйелі заңбұзушылықтарына қатысты болды.   

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымовтың айтуынша шараға Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетовтың қатысуы кездесу мәнін арттырып отыр.

«Бұл өңірлерге жасалған оныншы сапар. Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мұндай 30 отырыс  өткізді. Бүгін біз көшпелі отырысты Алматы қаласында ұйымдастырып отырмыз. Алматы елдің басты экономикалық өңірі, республикалық мәні бар қала, қаржы орталығы. Сондықтан біз бұл қаладағы бизнес-қоғамдастықтың қорғалуын жіті қадағалаймыз. Ұлттық палатаның қолында бизнесті қорғау бойынша 11 500 іс жатыр. Олардың 900-ден астамы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына келіп түскен шағымдар. Бұл бизнестің ең өзекті әрі маңызды проблемалары осында туындайтынын көрсетеді. Қолдағы деректерден Өңірлік палатаның атқарып отырған ауқымды жұмысын байқауға болады. Ал бүгінгі біздің негізгі міндетіміз бизнесті барынша сақтап қалу, бұл үшін кәсіпкерлікті қолдау және қорғау жұмыстарын күшейте түсу», – деді Ғани Қасымов.

Кәсіпкерлерді қорғау Кеңесі басшысының сөзі мемлекеттік органдардың құлағына жететін сияқты, өйткені отырыс басталмай тұрып «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері мен ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетов мемлекеттік шенеуніктермен бейресми кездесу өткізіп, Алматы қаласындағы бизнестің өткір мәселелерін талқылаған еді.

Атап айтқанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дирекциясы мен Қазақстанның бизнес-омбудсмені Алматы қаласының прокуроры, генерал-майор Берік Асыловпен және оның орынбасары, полковник Жандос Өмірәлиевпен бетпе-бет жүздесті. Кездесу барысында тараптар құрылыс жүргізуге рұқсат алу, жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ ҚР Қылмыстық-процессуальды кодексін жұмсарту қажеттілігі туралы әңгімелесті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық мәселелерді өңірлік кәсіпкерлер палатасының, Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының және ҚР Бас прокуратурасының қатысуымен шешетін болып тарқасты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер