astana-view

Төлеміс Шотанов: «Кәсіпкерлікпен тұрақты кері байланыс жасап отыру қажет»

2016 жылғы 08 Сәуір
10387 просмотров

ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов кәсіпкерлерді белсенді түрде ынтымақтаса жұмыс жасауға шақырды

Бұл сөзін ол Павлодар облысындағы Іскер әйелдер басқосуында айтты.

«Қазіргі кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға лайықты жағдай тудыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Көптеген мәселелерді биік деңгейде шешу арқылы өсіп жатырмыз. Енді Үкіметтің назарына ұсына алатындай деңгейдеміз. Бірақ, кәсіпкерліктің кері байланысы болуы тиіс. Ынтымақты түрде жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана кәсіпкерлікке нендей пайдамыз бар екенін түсінетін боламыз», – деді Шотанов.

Сонымен қатар ол бизнесті дамытудың бірқатар алғышарттары бар екендігін айтты.

«Біріншеден, іскерлік орта. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы соны құруға ынталанып жатыр. Екіншіден, білім, ақыл-кеңес, оқу керек. Үшіншіден, қолжетімді қаржы. Өткізу нарығы болуы қажет. ҰКП осы айтылғанның бәрін жасауды қолға алды. Өзіндік үлес қосып жатыр. Кәсіпкерлікті дамытуға қызмет көрсетудің барлық қыр-сырын меңгеріп жатырмыз. Әр өңірде, тіпті шалғай аудандарда да кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Онда кәсіпкерлер істі неден бастап, қалай жүргізген тиімді деген сауалдарға жауап табады. ҰКП микронесиені дамытып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс бағдарламаларына қатысу үшін кәсіпкердің барлық құқы сақталуы тиіс деп есептейміз», – деді Төлеміс Шотанов.

Оның үстіне ҰКП Төралқа төрағасының орынбасары Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөлімінің жұмысын бағалады. Өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін де мақтап өтті.

«Павлодар облысында нақтылық, тиянақтылық бар. Бұған кәсіпкерлер де үлес қосты деп ойлаймын. Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің осы бағытта сіңірген еңбегі орасан екенін көз көріп отыр. Елдегі кәсіпкерліктің 60-70% әйелдерге тиесілі. Әйел заты басқарған салаларда тәртіп пен ұқыптылық бар екенін атап өткім келеді», – деді Шотанов түйін сөзінде. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер