astana-view

Сауданың аты сауда!

2016 жылғы 12 Сәуір
10135 просмотров

Сыртқы сауда палатасы 35  млн. доллар экспорт дайындаған

Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған кәсіпкерлік миссиялар маңызды  мәмілелерге қол жеткізуге жол ашты

Қазақстанның сыртқы сауда палатасы жоспарлы түрде елдің сауда-экономикалық бағытындағы стратегиялық мақсаттар мен тапсырмаларды орындап жатыр. Олар сыртқы саудамен көптеген шағын және орта кәсіпкерлікті интеграциялауға көмектесті. Шетелде сауда байланысы бар отандық кәсіпорындар баршылық. Олар тағамдық саладан қызмет көрсету саласына дейінгі сан алуан саланы қамтиды.

«Сыртқы сауда палатасы алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша Іскерлік кеңестің үш маңызды жиналысын өткізді. Оған Қазақстанның, Иранның, Мысырдың кәсіпкерлері қатысты. РФ, Иран, Ауғанстан, Тәжікстан сынды елдерге 6 сауда-экономикалық миссиялары ұйымдастырылды. Өткізілген шаралардың нәтижесінде отандық кәсіпкерлерден 400 аса адам осы жобаға тартылды», – дейді Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төралқа төрағасы Мейірбек Мәжитов.

Екіжақты келісімнің алғашқы нәтижесі санкция алынған соң, Иран Ислам Республикасы ұзақ мерзімді коммерциялық келісімге қол қойды. 30 миллион доллар көлеміндегі сиыр мен қой етін жеткізуге келісілді.

Ақмоланың бидайы, ақтөбелік ұн мен макарон, қызылордалық күріш пен қостанайлық кәмпиттер, тараздық цемент Тәжікстанға экспортталатын болды. 4 миллион доллардан аса қаражатқа тәжікстандық және отандық кәсіпкерлер арасында келісім орнатылды.

Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Ауғанстан Ислам Республикасындағы Кабул қаласында ең алғашқы Қазақстанның сауда үйі ашылатын болды. Екі елдің кәсіпкерлерінің кездесуінен нәтиже бар. Іскерлік келісімдердің арқасында 700 мың доллар сомасындағы қазақстандық бидай мен ұн өнімдері Ауғанстанға экспортталады.

Қазақстандық компаниялардың қатысуымен Екатеринбург, Новосібір қалалары мен Мәскеу облысына сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылды. Қазақстандық кәсіпкерлер Свердлов облысының  іскер азаматтарымен өтімді келісімдер жасап келді. Нәтижесінде «КаскорМашзавод» АҚ пен ООО «Первоуральский трубный завод» арасында Ресейден Қазақстанға қосалқы бөлшектер жеткізу бойынша келісім-шартқа қол қойылды. Одан бөлек «КазРосСнабКомпани» ЖШС мен «Кейтеринбург» БШС арасында серіктестік туралы қызығушылық туындады. ҚР жерінде ортақ кәсіпорын ашу туралы мәмілеге қол жеткізді. Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдері мен оны терең өңдейтін зауыт ашпақшы.

«Бұл мүмкіндіктің бәрі де сыртқы экономикалық сауданың әлеуетін көтеретін құбылыстар. Отандық кәсіпкерлерге зор қолдау. Нәтижесі айтарлықтай. Отандық кәсіпкерлердің бұдан кейін де осындай белсенділігіне сенеміз. Сыртқы сауда палатасының шараларына жиі қатысады деп ойлаймыз», – дейді Мейірбек Мәжитов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер