astana-view

Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілетін қиярлар немістерді таң қалдырды

2016 жылғы 14 Сәуір
9097 просмотров

Ауылшаруашылық министрлігі отандық ауылшаруашылық өнімдерінің ЕО елдеріне экспортталуын жоғары бағалап отыр

Бүгін Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков Астанада Ауылшаруашылық және ауылды өңірлерді дамыту мәлелелері жөніндегі еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесті. Кездесуде ҚР мен ЕО-ның ауылшаруашылық саласындағы әріптестігі сөз болды.

ҚР Ауылшаруашылық министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы ауылшаруашылық өнімдері мен қайта өңделген өнімдер бойынша 2015 жылы сыртқы тауар айналым 635,9 миллион доллар болған. 2015 жылы Қазақстан ЕО-ға 92 мың тонна бидай мен май, 247,7 мың тонна зығыр дәнін, 15,9 мың тонна мақта талшығын және 5,9 мың тонна балық етін экспорттаған.

Palata.kz тілшісінің өтініші бойынша Асылжан Мамытбеков Еуропалық одақ елдеріне экспортталатын қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мүмкіндіктерін бағалап берді.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, «Қазақстан дәстүрлі түрде ЕО нарығына астық, май, дәндер жеткізеді». «Сонымен қатар, айта кетерлігі, ЕО елдері қазақстандық бидайды жергілікті астықтың сапасын көтеру үшін жоғары протеинді өнім ретінде сатып алады. Қазақстанның жыл сайын 100-200 мың тонна органикалық бидай тасымалдайтындығын ерекше атап өткім келеді. Оны ЕО-да тиісті сертификаттары бар швейцариялық немесе басқа компанялар сертификаттаудан өткізген және бағасы кәдуілгі астықтан екі еседей қымбат», – деді министр.

Мамытбековтің пікірінше, Қазақстанның дәстүрлі экспорттау саласынан бөлек, «қазірше аздап жеткізілетін өзге өнім түрлерін одан ары қарай арттырудың болашағы бар». Мысал ретінде министр Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан фермердің тәжірибесін келтірді.

«Жақында ОҚО фермері Германияға қияр тасымалдады. Оның айтуынша, сол жақтың кеденінде есірткі апара жатқан жоқ па екен деп күдіктеніпті. Қасында Голландия мен осы өнімді тасымалдаушы елдер тұрғанда, қалайша Қазақстаннан Германияға қияр апаруы мүмкін?», – деді министр.

«Менің ойымша, өнім түрлерін кеңейту әлеуеті бар. Біз жыл сайын Еуропаға 50-60 мың тонна көксерке (балықтың түрі) тасымалдаймыз. Тіпті оны Еуропаның ең мықты мейрамханаларында пайдаланады, өйткені, ол таза органикалық өнім», – деп пікір білдірді А. Мамытбеков.

Ауылшаруашылық және ауылды өңірлерді дамыту мәлелелері жөніндегі еуропалық комиссар Фил Хоганның пікірінше, келешекте ЕО елдерінен Қазақстанға экспортталатын өнім көлемі артуы мүмкін. Ол келтірген мәліметтер бойынша, бүгінде Қазақстанға Еуропалық одаққа мүше әр түрлі елдерден сан алуан өнімдердің 600 аталымы тасымалданады екен.

«Егер кедендік алымдарға, тарифтерге, транспорттық бағыттарға қатысты мәселелерді шеше алсақ, тасымал ағынын арттыруға болар еді. Ресейлік эмбаргомен байланысты жағдайлар да бұл істе көмектеспейді. Бүгін біз министрмен ЕО-дан келетін тауарларды Қазақстанның нарығына жеткізу бағыттарын талқыладық. Бұл Қазақстаннан ЕО елдеріне жеткізілетін өнімдерге де қатысты», – деп пікір білдірді Ф. Хоган.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер