astana-view

Hello, Америка!

2016 жылғы 15 Сәуір
- Ақтөбе облысы
10556 просмотров

Атыраулық бизнесмендер Америкамен бірлескен кәсіпорындар құрмақшы

Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Кролмен өткен кездесу барысында айтылды.

АҚШ дипломатиялық өкілінің айтуынша, бұл оның Атырау облысына жасаған алғашқы сапары. «Бұл кездесу негізінен танысу сипатына ие. Мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейімен, жекелей айтсам, шағын және орта бизнестің дамуы жағдайымен танысқым келеді. Бұл сіздердің мемлекеттеріңіз саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін, оған Кәсіпкерлер палатасының көп көңіл бөлетінін де білемін. Мен біздің елдер арасында бизнестің дамуына септігін тигізу үшін қандай жұмыстар жүргізуге болатыны туралы сіздердің ұсыныстарыңызды білгім келіп отыр», – деді Джордж Крол.  

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директоры Асылбек Джакиев Қазақстан мен Американың бірлескен ірі кәсіпорны саналатын «Теңізшевройл» компаниясымен бес жыл бойы жұмыс жасап келе жатқанын айта кетті.

«Ынтымақтастық барысында біздің жергілікті бизнесмендер де, американдық компаниялар да бірлескен кәсіпорын құруға ниетті екенін көріп жүрміз. Америкада алдын ала біліктілік іріктеуінен өткізудің өз жүйесі бары белгілі. Бұл мәселелерді тезірек шешу үшін біз American Chamber of Commerce – Америка сауда палатасымен өзара ынтымақтастыққа отыруымыз керек. Алайда белгісіз себептермен біз олармен байланыс орната алмай отырмыз, дәл өңірлік деңгейде кері байланыс болмай отыр. Біз көптеген еуропалық палаталарымен жақсы қарым-қатынастамыз», – деді Асылбек Джакиев.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі, «LOGIC SERVICES CENTRASIA» ЖШС директоры Серболат Шораевтың айтуынша, шағын және орта бизнестің дамуына назар аудару қажет деп санайды, себебі ірі бизнес деңгейіндегі ынтымақтастық айтарлықтай жақсы жолға қойылған. Жекелей алғанда кәсіпкер «ТШО» компаниясы базасында қазақстандық-американдық индустриалды аймақ құруды ұсынып отыр. Американдық тарап үшін Атырау көршілес елдерге шығатын тиімді логистикалық орталық болар еді.

Кездесудің өзге қатысушылары білім беру, кадрларды даярлау, заманауи технологиялармен алмасу салаларындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде өз пікірлерін жеткізді. Джордж Крол айтылған ұсыныстарды назарға алып, оларды жүзеге асыру үшін көмек беруге уәде етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер