Жаңа жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнесмендерді «Аға сеньорлар» мен «Іскерлік байланыстар» жобаларына белсенді түрде қатысуға шақыруда
Биыл «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қос бағдарламаны жүзеге асырады.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнеске қаржылық емес қолдау көрсету бөлімінің бастығы Данияр Дәрмен шетелдік сарапшыларды тарту мен шетелде тағылымдамадан өту жөніндегі жобаларға қатысу шарттары мен оның берер пайдаларына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Қатысушылар «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытты.
Бұл жоба халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату арқылы өндірісті жаңғыртуға қолдау көрсетуге бағытталған.
Бастапқы кезеңде оқыту елдің ішінде жүргізіледі, яғни Шымкентте. Қатысушылар тегін бизнес-тренингтерден өтеді. Олар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің жетекшілігімен білімдерін жетілдіріп, бизнес-жоспар әзірлеуге машықтанады.
Екінші кезең – шетелде тақырыптық бизнес-тағылымдамадан өту. Тағылымдама барысында кәсіпкерлер технологиялар трансферті және құрал-жабдықтар сатып алу, ортақ кәсіпорындар құру, тауар мен қызмет көрсету, франшизалар мен лицензиялар, халықаралық және шетелдік ұйымдардың грантын алу мәселелері бойынша шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орната алады. Міне, осы тұста қатысушылар іскерлік әріптестерінің қызығушылығын ояту үшін барынша күш салулары қажет. Тағылымдамаға қатысушыларды халықаралық комиссия іріктейді.
«Қандай да бір бизнес жүргізу тәжірибесін өз көзіңмен көру – тынымыңды кеңейтеді, пайдалы әрі қызықты. Оған қоса, нақты табысты байланыстар орнатылуы мүмкін»,– дейді Данияр Дәрмен бизнесмендерге осы жобаға назар аударуға кеңес бере отырып.
Бұл бағдарламаның қаншалықты шындыққа жанасатындығын айқындау үшін, «Іскерлік байланыстар» жобасы шеңберінде Германияда тағылымдамадан өтіп жүрген қатысушылар да шақырылды.
«Шымкентсүт» ЖШС-ның директоры, жас кәсіпкер Бекзат Ержанов тағылымдаманы құнды тәжірибе ретінде бағалайды. Өйткені, өзі өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығаратын табысты неміс кәсіпорындары жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. Ол алған білімінің бизнесіне тигізген әсері жайлы әңгімелеп берді.
«Мені сүт өнімдерін шығаруға арналған құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі қызықтырған еді. Барлығынан да қатты таңқалдырғаны, бүкіл әлемде бағаланатын неміс технологияларының сапасы мен қымбаттығы. Өзіме қажетті құрал-жабдықты таптым. Оны мен өз бетімше сатып ала алмас едім. Бірақ тағылымдамада жүргенімде көптеген кездесулердің бірінде маған құрал-жабдық ұсынған инвестормен кездесуге мүмкіндік туды. Одан бөлек, басқарудың тиімді тәсілін меңгердім, Қазақстан мен Германиядан көптеген жаңа таныстар таптым», – дейді Бекзат.
Данир Дәрмен қатысу шарттарын тағы бір мәрте пысықтап өтті: кәсіпорын шағын немесе орта бизнес санатына кіруі және экономиканың әлеуетті салаларында әрекет етуі тиіс. Қатысушының лауазымы басшының орынбасары дәрежесінен төмен болмауы шарт.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: