astana-view

Сыбайлас жемқорлықтың түбіне балта шабылған жоқ

2016 жылғы 15 Сәуір
- Жетісу облысы
4072 просмотров

Алматы облысының кәсіпкерлері жылына 148 мың теңгеден астам қаражатты пара беруге «жұмсайды» екен

Сарапшылар Экономикалық зерттеулер институты жүргізген «Іскерлік климат» рейтінгісінің нәтижесіне қарап, осындай қорытынды жасап отыр. Өңірлердің рейтінгісі кәсіпкерлерге қаншалықты жағдай жасалғанын анықтап, жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайды. Сауалнама компания иелері мен жақын болашақта өз ісін ашуды жоспарлап жүрген әлеуетті кәсіпкелер арасында жүргізілді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша Алматы облысы 16 орынның ішінде 11-орынды иеленіпті.

Сыбайлас жемқорлықтың таралуы факторы бойынша Алматы облысы 9-орында. Көрсеткіш 5%-ға тең. Сыбайлас жемқорлықтың ел бойынша таралуы – 7%. Сыбайлас жемқорлықтың таралуын есептеуге кәсіпкерлермен жұмыс істейтін 8 ұйым мен ведомство қатыстырылған. Айта кетерлігі, өңірлердің жартысында сыбайлас жемқорлықтың таралуы республикалық көрсеткіштен төмен. Бұл факті бойынша Маңғыстау облысы (20%) көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға ОҚО (12%), Жамбыл және Ақтөбе облыстары (11%) иеленген.

«Салалар бойынша сыбайлас жемқорлық фактілерінің пайда болуы туралы ақпараттық сараптама көрсеткендей, жауап берушілердің 41%-ы проблемалық мәселенің сыбайластық арқылы ғана шешілетіндігі туралы естігендері немесе сондай жағдайға тап болғандарын атап өткен. Кәсіпкерлердің пікірінше, соңғы 5 жылда денсаулық сақтау және тау кен қазу өнеркәсібінде сыбайлас жемқорлықтың біршама артқаны байқалады екен. Сонымен қатар, кәсіпкерлер жылжымайтын мүлік пен ақпарат және байланысқа қатысты операциялар саласында сыбайлас жемқорлық азайғандығын айтып өткен», – делінген сараптамада.

Сонымен қатар, сарапшылар жемқорлыққа кеткен шығынның көлемі мен санын есептеп шығарды. Бір ғана кәсіпкердің  пара беруге жылына 148 611 теңге қаражат «жұмсайтындығы» анықталды. Осы шығыстар рейтінгісінде Алматы облысы бесінші орынға табан тірепті. Соңғы жылдары өңірде сыбайлас жемқорлық 6%-ға өскен. Дегенмен, өңірлер бойынша бұл көрсеткіштің орташа мәні 16%.  

Алматы облысында әлі де көлеңкелі экономиканың өсімі байқалады. Бұл көрсеткіш бойынша өңір алтыншы орынға тұрақтаған. Қадағаланбайтын экономиканың көлемі 7,2%.

«Қазақстанда кәсіпкерлердің ақпаратты жасырып қалуына басты себеп боп отырған салық төлемдерінің қымбаттығы (барлық себептерден 24%). Мәні жағынан екінші себеп – мықты бәсекелестік (20%). Кәсіпкерлер бәсекелестерімен күресте заңды құралдармен (технологияларды, адами капиталды жақсарту және т.б.) қатар, заңсыз келісім ресімдеу үшін екі тарап үшін де арзанға соғатын көлеңкелі жаққа бетбұрып кетеді», – деп атап өтті сарапшылар.

Сауалнамаға сәйкес, орташа алғанда кәсіпкерлердің үштен бір бөлігі салық қызметтеріне дұрыс ақпарат бермейді. Көп жағдайда, ақпараттар кәсіпорынның кірістеріне (36%), қызметкерлерінің еңбекақысы (32%) мен жұмысшыларының санына (31%) қатысты бұрмаланады екен.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер