astana-view

Болат Палымбетов: «Бизнестің көптеген мәселелері орталықтың талқысына шығарыла бермей, жергілікті жерде шешілсе болады»

2016 жылғы 21 Сәуір
8250 просмотров

Бизнес-орта өкілдерінің облыстық мәслихатқа қатысуы – өз мүдделерін қорғауға берілген мүмкіндік

Бизнес субъектілерінің өткір, жүйелік проблемалары Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің қатысуымен өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің және өңірлік палатаның бірлескен бірінші отырысы барысында талқыланды.

Кәсіпкерлердің бизнеске жергілікті атқарушы органдар тарапынан жасалып отырған әкімшілік кедергілерге, олардың құқыққа қайшы әрекеттеріне шағымдануы дәстүрге айналды. Атап айтқанда, бір мысал келтірсек – профильдік комиссиялардың жұмысына Палата өкілдерін тарту кезінде бюджеттік заңнама талаптарын орындамау. «Осы құқықбұзушылықтың жанама нәтижесі деп Көкшетау қаласы құрылыс бөлімінің «ТОП ЛТД» ЖШС алдындағы 130 млн теңгеден астам сомаға орындалған құрылыс жұмыстары үшін берешегін айтуға болады», – деп атап өтті Ұлттық палата Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің мүшесі Серік Төрегелдин. Мемлекеттік орган қаражаттың бөлінгені туралы өтінішті бірнеше қайтара жолдаған, алайда олар әлі күнге дейін бюджеттік комиссияның қарауында жатыр, ақша компанияға сол күйі төленбеді. Бюджеттік заңнама талаптарын елемеу – заңды тікелей бұзу ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасаудың нәтижесі», – деді Серік Төрегелдин.

Тағы бір мысал. «МЖК строй» ЖШС-нің мәселесі ҚР ҰКП Кеңесінде де, өңірлік палата Кеңесінде де бірнеше рет қаралған болатын. Қысқаша айтқанда, Көкшетау қаласындағы жер телімдерін беруге жауапты жергілікті  шенеуніктердің функционалдық міндеттерін дұрыс орындамауы салдарынан компанияның аяқталмаған құрылысқа меншік құқығы бұзылған.

Тағы бір жергілікті деңгейдегі проблема  (бұл туралы біз бірнеше рет айтқанбыз) – мемлекеттік органдар тарапынан терісі бағалы аң өсіретін кәсіпорынның жұмысына тосқауыл қойылуы.  “Kazyna Invest Company” ЖШС Зеренді ауданы әкімдігінің үстінен Палатаға шағым жасады. Әкімдік бірнеше жыл бойы қаракүзен өсіретін дайын кешенді пайдалануға беруге кедергі жасап келген. Алдымен аудандық сәулет бөлімі жобаға келісім алу жөніндегі жұмысшы комиссиясының құрамын өзгертті, содан кейін қолданыстағы жобаға өзгертулер енгізуді талап етті, мұның өзі қайта айналып келісім алуға әкеп соғар еді.

Мәселеге тек төрт жыл өткен соң ғана қозғау салынды. Заңнамаға өзгертулер енгізудің нәтижесінде объектіні пайдалануға беруге әйтеуір  рұқсат алынды, ал әкімдік келісім алу тізімінен шығарып тасталды!

Жалпы, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Қазбек Ескендіровтің ақпаратына сәйкес, өткен жылы Палатаға бизнесті қорғау саласы бойынша 640 шағым келіп түскен, олардың әрбір екіншісі оң шешімін тапқан. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер үнемдеген қаржының жалпы сомасы 163 млн. теңгені құрады. Шағымдар, негізінен, әкімшілік кедергілерге қатысты, әсіресе, жер қатынастары және сәулет (жалға алу, мақсатты бағытын өзгерту, жер телімдерін жеке меншікке беру), салық салу, АӨК (субсидиялар беру және т.б.).

«Осы мәселелердің арасында бес жылдан астам уақыттан бері шешілмей келе жатқан «сақалдылары» да аз емес – жер туралы мәселелерді жедел шешпеу, электр энергиясына деген жоғары тарифтер. Айталық, сол проблемалардың бірі  – кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен арадағы өзара ықпалдастықтың жеткіліксіздігі. Мемлекеттік органның жұмысында бір селкеулік бар. Біздің мемлекеттік қызметкерлер осы тектес мәселелерді шешу жөніндегі жауапкершілікті өздеріне алуы тиіс деп есептеймін», – деп, ӨКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Владимир Федоренко өз ұсынысын енгізді.

Серік Төрегелдиннің айтуынша, күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығы Ұлттық палатаның бақылауында. «Кесімді тұжырымдар бойынша біз қосымша жауап береміз», – деді ол.

«Өңірлік палата барлық проблемалық мәселелер, атап айтқанда, жер қатынастары саласындағы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеуі тиіс. Көшпелі кеңестер өткізген дұрыс деп есептеймін», – деп, ҰКП Құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко отырыстың қарарлық бөлігін баяндады.

«Менің сапарымның негізгі мақсаты – жергілікті жердегі ахуалды зерделеу, қалыптасқан жағдайды өз көзіммен көру, түсіну. Өңірлерді аралай жүріп, мен бизнестің циклді проблемаларға тап болып отырғанына көзім жетті. Алайда, кәсіпкерлердің өздерінің де белсенді ұстанымы болуы тиіс. Маған белгілі болғандай, облыстық мәслихат депутаттарының 69%-ы  – бизнес ортаның өкілдері. Бұл өз мүдделерін қорғауға берілген тамаша мүмкіндік емес пе! Ақмола облысы орасан зор әлеуетке ие бола отырып, бизнесті дамыту мәселесінде локомотивке айналуы тиіс. Бизнестің өскісі, дамығысы келеді, ал жергілікті атқарушы билік осы бастамаларды жан-жақты қолдауы қажет. Көптеген мәселелерді орталықтың талқысына шығара бермей, жергілікті жерде шешуге  болады», – деп қорытты Болат Палымбетов. 

Отырыстың қорытындыларын түйіндей келе, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл облыс әкімінің орынбасары Кәдірхан Отаровтан бүгінгі айтылған мәселелерді бақылауға алуын сұрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер