astana-view

Өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделді

2016 жылғы 21 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7398 просмотров

ЭЫДҰ Ақтөбе облысымен ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр

Ақтөбеде танысу сапарымен жүрген ЭЫДҰ Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі бағдарламасының жетекшісі Антонио Сомма мырза Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасына барды.

Түске дейін ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Жергілікті билік ЭЫДҰ-мен бірлесе жұмыс жасауға және жекелей алғанда көлеңкелі экономикамен күресу, жер телімдерін беру проблемалары және «Ақылды қала» («Smart city») жүйесін енгізу мен инвестицияларды тарту стратегиясын жасауға қатысты салықтық заңнаманы жетілдіруге байланысты ұсыныстарын алуға мүдделі.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы қызметі мен үлесін аса жоғары бағалауға болады. ЭЫДҰ-ның көпжылдық тәжірибесі өңір аумағында да қолданыс тауып, Елбасының экономиканы диверсификациялау туралы тапсырмасын жүзеге асыруға оң әсер етеді деп сенемін», – деді қонаққа Бердібек Сапарбаев.

Антонио Сомма болса, өз кезегінде, Ақтөбе облысы дамудың жоғары әлеуетіне ие екенін жеткізді. Өңір артықшылықтары ретінде Сомма мырза табиғи ресурстардың болуын ғана емес, сонымен бірге географиялық орналасуын да атап өтті. ЭЫДҰ бағдарламасының жетекшісі өңірде кадрларды кәсіби даярлаудың көпсатылы жүйесін енгізу бойынша жүргізіліп отырған жұмысқа оң баға беріп, экономиканың диверсификациялануы білім беру саласын диверсификациялаудан басталатынын баса айтты.

Қазақстанда 2016 жылдың наурыз айында ЭЫДҰ «Өңірлік бәсекеге қабілеттілікті арттыру» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Оның аясында Атырау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында экономиканы диверсификациялау  бойынша белгілі деңгейде жұмыс жасалды. 

Антонио Сомманың айтуынша, екінші кезеңді жүзеге асыру 2017 жылдан басталады. Жоба Қазақстанның өзге де өңірлерін қамтиды деп көзделіп отыр. Олардың қатарына Ақтөбе облысы да кірмек. Кездесу нәтижелері бойынша тараптар мүмкін болатын ынтымақтастық нұсқаларын қарау туралы келісті. Бұдан кейін қонақ өз делегация мүшелерімен бірге ӨКП-ға барып, Палата қызметімен ғана емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық әлеуеті жөнінде, қызықты жобалар турасында да қажетті ақпаратпен танысты.

Оның айтуынша, бұл ақпарат жобаның екінші кезеңін іске асыруда қажет болмақ.  


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер