astana-view

Алматыдағы кәсіпкерлер палатасында заңгерлер клубы ашылды

2016 жылғы 22 Сәуір
- Алматы қаласы
8533 просмотров

Алматының беделді адвокаттары палатада жиі бас қосады

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында Михайл Кленчин атындағы заңгерлер клубы бірінші жиынын өткізді.

«Бұл клуб Құқық саласының сарапшыларына арналған ашық диалог алаңы. Ең бір түйткілді мәселелерді ортаға салуға зор мүмкіндік. Әсіресе, кәсіпкерлер жиі кездестіретін қиындықтар туралы айтылатын болады. Даудың арқасында ақиқат табылады. Бұл жиында айтылған сөз өліп кетпейді. «Атамекен» ҚР ҰКП құқық қорғау кеңесінде ұсыныс болып айтылып, ашық қаралатын болады. Ол кеңестің шешімі бойынша заңнамаға өзгерістер де енгізілген. Сондықтан осы алаңға кеп, көкейкесті мәселелерді ашық айтуға шақырамыз», – деді заңгерлер клубының мүшесі, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Қайрат Құдайберген.

Алғашқы кездесулерін сарапшылар «Теңгенің девальвациялануы салдарынан мемлекеттік сатып алу келісім шарттарын орындау кезіндегі қиындықтар» деген тақырыпта өткізді. Импорт тауар әкелетін кәсіпкерлердің қиындығы орасан болғаны анық. Тауарды шетелден валютаға сатып әкеліп, Қазақстанда тиын боп қалған теңгемен өткізу талап етілді. Көптеген кәсіпкерлер өз-өзіне кесірін тигізді. Өзі ұтылса да, келісімшарт бойынша тауарды әкеп беруге мәжбүр болды. Кейбірі шартты орындай алмады, мемлекеттік сатып алуға қатысушы ретінде тиянақсыз деп танылды.

ҚР Ұлттық банкі ұлттық валютаның еркін жүзуіне рұқсат берген шешімінен соң, Алматыдағы кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден бірнеше шағым түсті. Заңгерлердің айтуы бойынша, бұл мәселеге араласу керек.

«Мысалы, бір компания Талғарда мұз айдынын салып жатты. Байқау талаптары бойынша, 20 жылға шыдайтын материалдарды қолдануы керек. Арзан материал күмән тудырады. Оларды ала алмайды. Материалдың бәрі дерлік Еуропадан әкелінді. Ол кезде келісімшарт тұрақты теңгенің тұсында бекітілген. Девальвациядан кейін баға екі есе өзгеріп кетті. Бірақ тапсырыс беруші оны ойластырмаған. Сондықтан үстіне үстемесін төлемеді. Өйткені, девальвация форс-мажорға жатпайды. Жеткізіп беруші материалдарды өзінің қалтасына салмақ сала отырып жеткізіп берді. Неге? Біріншіден, жауапсыздар тізіміне ілініп кетпеу үшін. Олай етпесе, оны 2 жылға мемлекеттік сатып алу байқауына жібермейді. Ал, мемлекеттік сатып алу кәсіпкер үшін өз кәсібін аман алып қалудың бірден бір көзі. Әсіресе, мынадай дағдарыс кезінде қиын. Қызметкерлердің ақысын төлеуі тиіс қой. Екіншіден, бұрыннан істеп келе жатқан іскер еуропалық компаниялар бар. Олардың ісі бір ізге түсірілген. Олар өз міндетін біледі. Олар үшін серіктестің беделі зор рөл ойнайды. ҰКП осы іске араласып, мемлекеттік сатып алу келісімшарттарына теңгенің өзгеруіне байланысты әрбір жеткізіп беруші компанияға үстіне үстеме төлеуі туралы өзгерісті енгізуі керек деп ойлаймын», – деп өз пікірін білдірді Алматы қаласы адвокаттар коллегиясының адвокаты Серік Айтбаев.

Дәл осындай пікірді Tax Investment Lawers атты адвокаттық компания директоры Байрамалы Ахмедов те айтты.

«Теңгенің бағамы туралы тетік шын мәнінде Қаржы министрлігі мен «Самұрық Қазына» АҚ шетелдік компаниялармен келісімшарттарында көрсетілген. Неге дәл сондай тетіктерді қазақстандық жеткізіп беруші компанияларға да қолданбасқа?», – деп қолдады алдыңғы спикерді Байрамалы Ахмедов.

Осы және басқа да пәкірлер ортаға салынды. Жиынның хаттамасына толтырылды. Палата сарапшылардың назарына ұсынылды. Бұдан былай заңгерлер клубының дискуссияларын, ашық пікірлесуін, нақты кеңес беруін бұдан былай да тұрақты өткізіп тұру туралы шешімі қабылданды.

Заңгерлер клубына талантты заңгер, қоғам қайраткері Михайл Кленчиннің атын беруді бәрі бір ауыздан қолдады. Заңгерлер клубының мақсаты – қазіргі заңнаманың ең қитұрқы деген мәселелерін ортаға салу, заңгерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға септесу. Михайл Кленчин қаржылық қызмет көрсетуді дамытатын ұлттық қорды басқарған, «Атамекен» ҰКП тығыз байланыста еді, «Атамекеннің» құқық қорғау кеңесінің мүшесі болған, «Бірінші жемқорлыққа қарсы медиаорталық» атты өңірлік қоғамдық бірлестік кеңесінің төрағасы, Қазақстан салық кеңесшілері палатасының мүшесі, «Нұр-Отан» партиясы жанынан құрылған республикалық кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық қорының мүшесі, коммерциялық заңгерлер коллегиясының құрамына кірген еді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер