astana-view

Алғашқы қадам жасалды

2016 жылғы 25 Сәуір
3425 просмотров

Келер оқу жылынан бастап Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы жанындағы колледждің жекелеген топтары дуальды білімге көшеді

Еліміздегі білім беру сапасын арттыруға және жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуге келгенде дуальды білім берудің маңызы зор. Сондықтан, аталған жүйеге ену кәсіптік колледждерден бастау алмақ. Бұл жүйедегі басты ереже – өндірістік білім беруді 60 пайызға арттыру арқылы жастарға біліктілік беру. Бұл тек қана орта білім беретін кәсіптік колледждерге ғана жүктелмей, жоғары оқу орындарының білім базасына тереңдеп енгізілетін болады. Осы тұрғыдан алғанда, елімізге білгілі ҚазБСҚА жанындағы колледж бұл жүйеге енуді ел қатарлы қолға алып жатқан көрінеді.

Сонымен, ҚазБСҚА жанындағы колледждің директоры Гүлжан Сейдуллаеваның айтуынша, «Атамекен» ҰКП-ның бастамасымен Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып Дуальды оқыту жүйесін енгізудің Жол картасының тізімінде ҚазБСҚА жанындағы колледж жоқ екен... «Бірақ, колледждің эксперименттік ережесіне сай дуальды білім берудің енгізілгені туралы кәсіпорындармен екі жақты келісім-шарт құрылған. Осыған орай, 2016-2017 оқу жылынан бастап екінші курстың әрбір мамандықтарынан жекелеген топтар енгізілетін болады. Ал, дуальды білім беру жүйесіне байланысты колледж студенттерін өндірістік тәжірибеге жіберу барысында қиындықтар туындамайды. Керісінше, жас мамандардың тез арада жұмыс табуына септігін тигізеді деп есептеймін. Мәселен, біздің колледж «PARTNERS» ЖШС, «ИМИДЖ СТРОЙ ХОЛДИНГ» ЖШС, «Архат» ҚЖК ЖШС, «Сэт Жол Technologies» ЖШС, «С.А.D» ЖК және «Вариант-V» ЖШС сынды өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Ал, ондағы жұмыс берушілердің ҚазБСҚА жанындағы колледждің даярлап жатқан мамандарына көңілдері толады», – дейді ол.

Қорыта айтқанда, колледжде оқып жатқан студенттердің біліктілігін арттыруға, олардың бойына еңбек дағдыларын қалыптастыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін дуальды білім беру жүйесіне алғашқы қадамдарын жасауда. Әзірге колледждің оқу жоспарына сәйкес студенттерді өндірістік тәжірбиеден өткізу өз жалғасын таба бермек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер