astana-view

«Стройдеталь» ЖШС барлық кәсіпорындарға үлгі

2016 жылғы 25 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7659 просмотров

Ақтөбелік ірі кәсіпорын политехникалық колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізетін болды

Мұндай келісімге «Стройдеталь» ЖШС басшылығы Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының және политехникалық колледждің өкілдерімен кездесу барысында келді.

Кездесуде студенттерге өндірістік білім беруді ұйымдастыру мен оқуды бітірген соң, оларды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. «Стройдеталь» ЖШС-ның бас директоры, Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Өңірлік кеңестің мүшесі Анатолий Симонов құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіпорынның қызметі жайлы айтып берді.

«Стройдеталь» ЖШС-ның тарихы жарты ғасырды қамтиды. Бүгінгі таңда коппания – Қазақастанның ірі темірбетон зауыттарының қатарына кіретін және Батыс Қазақстанның құрылыс нысандарына темірбетон бұйымдардың, қиыршық тастардың, әктастың негізгі жеткізушісі саналатын көпбейінді кәсіпорын.

Темірбетон бұйымдар өндірісі «Tensyland» (Испания), «Weiller» (Германия), «Pedershaab» (Дания), «Compakta-3000» (Ресей-Испания) сияқты еуропалық фирмалардың құрал-жабдықтарында еуропалық технологиялар бойынша ұйымдастырылған.

Анатолий Симоновтың айтуынша, кәсіпорын қызметіндегі ең басты стратегиялық міндеттердің бірі кадрлық әлеует болып отыр. Жеке мамандарды өсіруге көп көңіл бөлінеді, көптеген жұмыскерлердің еңбек кітапшасында жұмысқа қабылданғаны туралы бір ғана жазба бар екен. Бұл еңбек үшін қолайлы жағдай жасалғанынан хабардар етеді. Зауыттың инженерлік-техникалық жұмысшылары тұрақты түрде шетелдік және ел ішіндегі бейінді кәсіпорындарда біліктіліктерін арттырып отырады.

«Ақтөбе политехникалық колледжімен зауыт тығыз әріптестік қатынас орнатқан, яғни тәжірибелік оқытудан студенттер ғана емес, арнайы пәндердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері де өтіп тұрады. Олар кәсіпорында біліктілітерін шыңдап, өндірісте қолданылатын жаңа технологиялармен, материалдармен танысады. Компанияның бас директоры жетекші ретінде студенттерді мемлекеттік аттестациялауға қатысады. Аттестациялау нәтижесі бойынша колледж түлектерін жұмысқа шақырады», – дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дәмилә Құнанова.

Кездесу нәтижесінде «Ғимараттардың құрылысы және оны қолданысқа беру», «Электрмен жабдықтау», «Автоматтандыру және басқару», «Ақпараттық жүйелер», «Химиялық талдау лаборанты», «Машина жасау технологиясы» сынды бес мамандық бойынша шартқа қол қою туралы келісімге қол жеткізілді.

«Бүкіл әлемде кадрлық әлеует мәселесіне зор көңіл бөлінеді, бұл кез келген мемлекеттің сарқылмайтын қоры. Егер барлық кәсіпорындардың басшылары адами капиталды дамытуға «Стройдеталь» ЖШС сияқты көңіл бөлер болса, біз сөзсіз табысқа жетеміз», – деп ойын қорытындылады бөлім басшысы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер