astana-view

90 кәсіпорын студенттерді тәжірибеден өткізуде

2016 жылғы 26 Сәуір
- Жетісу облысы
5204 просмотров

Дуальды оқыту аясында Алматы облысындағы колледж студенттері кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алса, кәсіпорын мамандары біліктілікті арттыру жөніндегі сертификаттарға ие болды.

2014 жылдан бастап  елімізде техникалық және кәсіптік кадрларды даярлау ісін жаңғырту мақсатында дуальды білім беру жүйесі енгізілгені аян. Нәтижесінде ел өңірлеріндегі техникалық және кәсіптік колледж студенттері өндіріс ошақтарында теориялық білімдерін шыңдауға мүмкіндік алуда. Әсіресе, білім орындары мен өндіріс нысандары көп шоғырланған Алматы облысында дуальды білім беру саясаты жүйелі жүргізілуде.

Қазіргі таңда аймақта 67-ге тарта техникалық және кәсіптік білім беретін оқу  орны бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы осы білім ордалары мен аймақтағы кәсіпорындардың ынтымақтастығын нығайту үшін іргелі шаруалар атқаруда. Алматы облысы ӨКП Адами ресурсты дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева дуальды білім беру талпыныстарының тындырымды атқарылып келе жатқанын айтады. «Дуальды оқытудың Жол картасы шеңберінде 18 колледжбен бірлесе жұмыс жасап отырмыз. Бүгінге дейін ӨКП, кәсіпорындар және оқу орындары арасында келісімшарттарға қол қойылып, дуальды оқыту бағдарламасы бойынша 90 кәсіпорын 630 студентті іс-тәжірибеден өткізуге қабылдады. Кадрлар сұранысы жөніндегі сараптамаға жүгінсек, қазіргі таңда өндіріске дәнекерлеушілер, тігін машинасын жөндеушілер, жол жөндеушілер, техникалық көліктердің жүргізушілері қажет. Кейбір оқу орындарында  мұндай мамандықтарға көңіл бөлінбейді», – дейді бөлім жетекшісі.

Жастар арасында жұмыс мамандықтарының  беделін арттыру  дуальды жүйені дамуытудағы басты жұмыс бағыттарының бірі. Көп жағдайда кәсіпорындарға іс-тәжірибеден өтуге келген студенттердің ынтасы, білім сапасы, қабілеті кәсіпорын басшыларының көңілінен шыға бермейді. Колледж түлектерінің оқуды тәмамдағаннан кейін өндірісте емес, басқа мамандықтарға орналасатыны жасырын емес.

«3 жылдық оқу барысында студенттердің өз мамандықтарына деген қызығушылығын барынша арттыруға тырысамыз. Колледж түлектерінің 50%-ы мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Өйткені, біздің мектептік білім жүйесінде балаларға кәсіптік бағдар берілмейді», – дейді А.Оңғарбаева.

Қазақстандағы  кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарындағы  ең басты мәселе  – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Әсіресе, кәсіпорындар шетелден әкелінген технологияларды өндіріске енгізіп, тетігін тауып, жұмысты алып кететін мамандардың жоқтығынан көп зардап шегеді екен. Сондықтан, кейбір кәсіпорындар өздеріне қажетті кадрларды арнайы білімі бар мамандар шақыртып оқытуды жөн санайды. Осы орайда, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының дәнекер болуымен, Алматы облысы Текелі қаласындағы бірқатар кәсіпорындар Орталық Азия университетінен теориялық білім беретін оқытушылар шақырып, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырған. Осымен бірге, палаталықтар, 2015 жылдан бастап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында Текелідегі жер қойнауын пайдаланатын бірқатар кәсіпорындардың мамандарына арнап оқыту курстарын өткізген. Бұл жерде ортақ іске Текелі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атсалысқан. Шараға жаңа технологиялар жөнінде Орталық Азия университетінің оқытушылары  шақырылған.  Сөйтіп, 18 маман «Ұсату-үгітуші және сұрыптаушы машина операторы» деген сертификатқа ие болған. Мұндай біліктілікті арттыру курсынан өтуге кеншілер тарапынан тағы 19 ұсыныс келіп түскен. Айта кетейік, бұл мамандардың оқу ақысын кәсіпорындар өздері төлеген. Кәсіпорындар өздерінде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру арқылы кәсіпорынды қажет кадрлармен қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге, Текелі тау-кен комбинатының 70 кеншісі Теміртаудағы политехникалық колледжге оқуға жіберілген. Алдағы уақытта тағы  30 кеншіні оқуға жіберу көзделіп отыр екен. Барлығы да жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Дуальды білім беру жүйесінің басты мақсаты – кәсіпорындардың талабына сай мамандар дайындау. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпорын өкілдерімен ақылдаса отырып, қай бағыттағы мамандарды дайындау және қандай талаптарға басымдық беру керектігін есепке ала отырып, жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды колледждерге енгізіп, талапкерлер тарту көзделуде.      

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер