astana-view

Тимур Құлыбаев: «Аграрлы саланың келешегі – ауыл кооперативтерінде»

2016 жылғы 27 Сәуір
- Алматы қаласы
8873 просмотров

Алматыда қала басшысы мен облыс әкімінің қатысуымен аграрлық кооперациялар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін тікелей сату жүйесін дамыту жөнінде өңіраралық жиын болып өтті

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ауыл шаруашылығына қатысты ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, қазіргі заманғы қоймалардың жетіспеушілігі, өңдеу кәсіпорындарының аздығы сезілуде. Тиімсіз логистиканың кесірінен отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілер сапалы дүниені өсіріп шығарса да оны дұрыс жерге сақтай алмай, бөлшектік сауда орындарына дер кезінде жеткізе алмай және де тұтынушыға сата алмай әлек болып жүр. Ақырында осы әуре-сарсаңның салдарынан өңірден шығатын барлық өнімге сұраныс азайып, оның өтімділігі төмендеп кетіп жатыр.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы импорт тауарларды жалпы ауылшаруашылық өнімдерімен алмастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту арқылы ауыл өнімдерін өткізетін тұрақты желінің ел ішінде де, шетелде де қалыптасуын жүзеге асыруды талап етеді. Бұл талапты орындау үшін өнім фермерлерден тікелей сауда орындарына жеткізіліп отыруы қажет.

«Біз қаладағы ірі деген сауда дүкендері мен Алматы облысындағы шаруа қожалықтары арасындағы тікелей, делдалсыз байланысты кооперативтер арқылы жандандыруды жөн санаймыз. Ауылшаруашылық кооперативтері Алматы облысында да, көршілес облыстарда да өнімдерді сатып өткізудегі негізгі қиындықтарды шешу үшін белсенді түрде құрылып жатқанын атап айтқымыз келеді. Кооператив мүшелері болған фермерлер сапалы өнім өндіруге барын салып, өзіндік құнды азайтуға, өзге де технологиялық үдерістерді жылдамдатуға күш жұмсап жатыр. Сауда дүкендері мен өндірушілер арасындағы қарым-қатынастың келесі кезеңі көтерме-бөлшектеп сату орталықтарын құруды жүзеге асыру, мұндай орталықтарда сақтау, өңдеу, саудаға дайындау, тасымалдау мен жаңа түскендерін көтерме саудамен өткізу (көкөніс, жеміс, ет, балық, сүт өнімдері) қызметтерін бір жерге топтау арқылы жүзеге асырылмақ. Биыл Алматы облысы фермерлерімен, ірі сауда дүкендерімен көптеген кездесулер өткізілді, солардың дені қазір осы жиынға қатысып отыр. «Атамекен» екі тарапқа да сауданың қамын дәл қазір, ешбір делдалсыз келісуді бастай беруді кеңес етеді, дүкендердің басшылығы біздерді қолдап отыр, сол үшін оларға  зор алғысымды білдіремін. Ендігі кезде екі жақтың өзара бірлесе жұмыс атқаруының арқасында өнімнің дүкендердің стандарт талаптарына сай болуын қадағалау керек», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, биылғы жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауылшаруашылық кооперативтері субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету бойынша Ауылшаруашылық министрлігінің қызметін мойнына алып отыр. «Атамекен» фермерлердің біліктілігін жетілдіру үшін, малдың өнімділігін арттыратын, егіннің бітік шығуына септесетін, өндірісті тиімді жүргізу тетіктерін жетілдіру бойынша  өзекті және ең алдыңғы қатарлы білімді ұсыну бойынша жұмыстарды жүзеге асырмақ. Осының барлығын жүзеге асыру өңірлердің мамандануын бір ізге түсірмек.

Шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының өкілдері, екінші деңгейлі банктердің, даму институттарының басшылары, кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың жетекшілері қатысты. Жиынның қорытындысы бойынша сауда дүкендері, Алматы облысының ауылшаруашылық кооперативтері және «Атамекен» ҰКП тарапынан үшжақты келісімге қол қойылды. Оған қоса ауылдық жерде кәсіпкерлерді микронесиелендіру бойынша Алматы облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арасында да үшжақты келісімге қол жеткізілді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер