astana-view

Рахима Ғазизова: Еліміздің бренд өнімдерін бір дүкенге жинау керектігін түсіндім

2016 жылғы 26 Сәуір
5075 просмотров

 «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» дүкені отандық тауарлар ұсынылатын алаң  

 
Жақында ғана әлемдік университеттердің бестігіне енетін Мадридтің бизнес университетіне оқуға қабылданған Рахима Ғазизова 30 мың талапкердің ішінен математика бойынша үздік үштіктің қатарына еніп, үлкен белесті бағындырды. Біз жас кәсіпкердің бастамасы мен жақсы жаңалықтарына тілектестік білдіре отырып
, онымен сұхбаттасып қайтқан едік.

  • «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» дүкенін ашу идеясы қалай келді?
  • Астана қаласында Нархоз университетінің ректоры Кшиштоф Рыбиньски мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың студенттерге арнап оқыған дәрістеріне қатысқан едім. Олар дәрісте ауыл шаруашылығы мәселесінің өзектілігін және оны қолға алатын уақыттың жеткенін айтты. Сол күннен бастап еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қалай үлес қосамын деген сұрақ көкейімде жүрді. Бір жағынан бұл саланы дамытудың қиындығын ойлағанда дәл қазір ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға дайын емеспін деген ойлар да болды.  Бірақ менің өмірлік ұстанымым ­­­– әр істе бірінші болу және идеяны алғашқы болып іске асыру. Сондықтан, ауыл шаруашылығымен байланыстырып қандай кәсіпті қолға алуға болар екен деген ой маза бермеді. Сондай тамаша күндердің бірінде «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаевамен таныстым. Бұл жоба аясында жыл сайын отандық өнімдердің үздіктеріне байқау арқылы арнайы сыйақы тағайындалады. Яғни, отандық «Макарон Сұлтан», «Рахат» сынды үздік өнеркәсіп орындары лайықты бағасын алып отырады. Үздіктерді таныған «Халық маркасы» жобасы маған жаңа іс бастау керектігін ұғындырғаннан кейін сауда маркаларының бренд өнімдерін бір дүкенге жинау керектігін түсініп, дүкен ашу жағын ойластыра бастадым. Ойлана келе, дүкенді Астана қаласынан ашу керек деп шешім қабылдадым да дүкенге ыңғайлы орын іздестіре бастадым. Лайықты орын табылған соң, наурыз айынан бастап «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» дүкені өз жұмысын бастап кетті.
  • Дүкендеріңізден қандай тауарлар сатып алуға болады?
  • Негізінен біздің дүкеннен азық-түлік, ет, сүт өнімдерін және шаруашылыққа қажетті заттарды, косметикалық өнімдерді сатып алуға болады. Отандық өнімдерді, оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын еліміздің әр аймағынан арнайы алдырамыз. Мәселен, Жамбыл облысының қымызы мен шұбатын, Шығыс Қазақстан облысының қымызы мен айранын, Маңғыстаудың талқанын, Қызылорданың тарысын дүкен сөресінен таба аласыз. Әлбетте, әр аймақтың табиғатына, шөбінің шұрайлылығына, суына байланысты ет-сүт, құрт-айраны, қымызы мен шұбатының ерекше дәмі бар, ал олардың барлығының дәмін татқысы келген қала тұрғындарына біздің дүкен  ыңғайлы деп айтар едім.

Елімізде өсірілетін тары-бидай сынды дақылдар мен малдан алынатын ет-сүт өнімдерінің әрқайсысы дәруменге өте бай. Әрі-беріден соң денсаулығымыздың мықты болуы ата-баба қанымен беріліп келе жатқан генетикалық кодта жатыр. Яғни, біздің ағзамыз жергілікті азық-түлік өнімдерінің құрамындағы минералды заттарға, дәрумендерге зәру болғандықтан, еліміздегі табиғи өнімдерді пайдалану керек. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың арасында болоньезе жеп, виски ішу сән емес екендігін ұғындырғым келеді. Немесе шетелдіктерге еліктеп сұлы ботқасын жеп салмақ тастаудың қажеті шамалы.

  • Бұл дүкендегі отандық өнімдердің бағасы қарапайым халыққа ыңғайлы ма? Сондай-ақ, сапасы туралы не айтасыз?
  • Әрине, халыққа ыңғайлы. Себебі, қазіргі нарықты зерделей отырып, тауарларымызға орташа бағалар қойдық. Мен тікелей сауда маркаларының басшыларымен кездесіп, сапасы мен бағасы туралы ұсыныстарымды да білдіремін.

Отандық тауарлардың сапасына менің айтар сыным жоқ. Әрбір өнім менің сүйікті ас-ауқатым, менің сүйікті косметикалық құралым. Мәселен, Астананың өзінде өндірілетін  «Родина» айранының дәмі ауыл айранының дәміндей, айта кетейін бұл айранды Астанаға келгенде ғана ішіп дәмін көре аласыз. Ал Шығыс Қазақстаннан өндірілетін «Эмиль» айранының дәмі тіпті тіл үйіреді және соған орай бағасы көптеген сауда маркаларының өнімдерінен қымбатырақ бағаланады. Бұл айранды қазіргі таңда Алматы қаласының дүкендерінен таба аласыз.

  • Қазақстан бойынша «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» дүкенінің бірнеше желісін ашу жоспарда бар ма?
  • Қыркүйек айынан бастап Испанияның Мадрид бизнес университетіне магистратуралық білім алуға бара жатырмын. Дегенмен, мен елден кетсем де менімен бірге жұмыс істейтін анам және дүкенде қызмет атқаратын қыз-жігіттер менің дүкенімді әр аймақтан желі ретінде аша  беретін болады.   Сондай-ақ, осы кәсібіме байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қандайда бір серіктестік орнатуды жоспарлап жүрмін...
  • Әлемдік бестікке енетін университетте оқу, әлбетте, білімді және талапты жастардың  ғана маңдайына жазылған. Сондықтан, сіздей білімді қыздың Испанияға барғанда жүзеге асырғалы отырған жаңа жоспарлары қандай, оқырмандармен бөлісе отырсаңыз...

Иә, жоспарларым мен армандарым өте көп. Мадридтің бизнес университетінде терең білімнің негізі қалыптасқан. Ол жаққа тек кәсіпкер болғысы келетін жастар емес, әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі жастағы әр саланың мамандары келіп оқиды. Ол жақта сәулетші, дизайнер, қаржыгер, ІТ-мамандары сынды өзге де талапкерлер білім ала алады. Мәселен, мен қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шетел филологиясы бойынша білім алып жатырмын. Ал магистратураны аталған университетте менеджмент мамандығы бойынша жалғастырамын. Мадрид бизнес университетінің «VentureLab» атты венчурлік зертханасы бар. Яғни, қызықты бизнес идеяңды ұсынасың, ал олар саған бизнес-жоспарыңды құрып, команда жасақтап береді және оны жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл оқу орны әлемге танымал Apple сынды алпауыт компанияларда жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Германиядағы «Mersedes» сияқты автокомпанияларда жұмыс жасауға жолдама ала аламыз.

  • Табысты кәсіп жүргізу үшін көп ізденіс пен білім қажет екенін өзіңіз жақсы білесіз. Осы орайда бизнес саласына байланысты қандай кітаптар оқисыз және қандай кітап оқуға кеңес бересіз?
  • Кітап арқылы өмірімді қалыптастырып келе жатқан жанмын. Мектеп жасында әлем, орыс және қазақ классиктерінің барлық шығармаларын оқып тауыстым. Ал бизнес туралы жазылған кітапты алғаш рет 11 сыныпта қолыма алдым. Ол белгілі Кийосаки Роберттің «Кедей әке, Бай әке» бестеллері болатын. Содан бері бизнес жайлы әртүрлі кітаптардың бетін ақтардым. Бір қызығы, осыдан бір апта бұрын ғана бұл кітаптардың барлығы маған баланың ойыншығындай көрінді. Неге десеңіз, бизнес туралы базалық білім қалыптаспай тұрып, аталған кітаптардан шабыт алу бекершілік. Сондықтан, ең бірінші Юджин Бригхэм және Майкл Эрхардтың бірлесе жазған «Финансовый менеджмент» кітабын оқуға кеңес беремін.
  • Рахима 10 жылдан соң өзін қалай елестетеді?
  • Жоқ, 10 жыл дегеніңіз ұзақ уақыт. Мені алты жылдан кейін қандай жетістіктер күтіп тұрғанын білемін. Яғни, мен 27 жасымда Форбс тізіміне енген қазақ қыздарының бірі боламын. Менің бақытты, тату-тәтті отбасым болады. Мен сүйікті жар, бақытты әйел, қамқоршы ана боламын.
  • Сұхбатыңызға рахмет.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер