Бауыржан Байбек: Алматының азық-түлік нарығында өңір үлесін арттыру қажет
Қазақстандағы ең ірі мегаполисті өңірлерден жеткізілетін сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету импортты алмастыру мәселесіндегі басты шешім
Алматы қаласында алғаш рет ауылшаруашылық тауарларын тікелей өткізуді кооперациялар арқылы дамыту жөнінде аймақаралық жиын өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған жиынға Қазақстанның әр аймағынан 300-ден аса кәсіпкер келді.
Кеңеске «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Алматы әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі мегаполис болып отырған Алматы қаласы аймақтық ауылшаруашылық өнімдерін тұтынғысы келеді екен. Тұрғындарды таза экологиялық отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсаты көзделуде.
«Сапалы тауар өндіріп, оның логистикалық мәселесін жолға қойып және оны саудаға шығарудың тікелей жолдарын қарастыру қажет. Кәсіпкерлерге серіктестер тауып, білікті мамандармен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық мәселесін де шешуге болады. Сондай-ақ, сауда делдалдарынсыз жұмыс жасауға көшкен жөн. Аймақтық ауылшаруашылық кәсіпорындарының елімізге белгілі сауда желілерімен келісімге келуіне және олардың өнімдерін тасымалдауға көмек көрсетілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатылымға шығару жолын жаңа қалыпқа түсіріп, инновациялық дамуға қадам жасау керек, – деді қала әкімі жексенбі сайын өткізілетін ауылшаруашылық жәрмеңкесі туралы ойысып. – Аймақтардан жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңкелердің санын осы жылы 800-ге жеткізу жоспарланған. Мәселен, өткен жылы 750-і өткізілді. Өтіп жатқан жәрмеңкелердегі азық-түліктердің бағасы нарықтағы бағадан 20-30%-ға арзан».
Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың сөзіне қарағанда, Алматы облысы тіршілікке қажетті барлық азық-түлік өнімдерін өндіреді және Алматы қаласын мүмкіндігінше қамтамасыз етіп отыр. Десе де логистикалық орталықтарды жүйелеп, олардың қызмет көрсету сапасын арттыру қажет. Сондай-ақ, азық-түлік қоймаларын және оларды сақтау мәселесін реттеу керек. Одан кейін сауда орталықтарына тікелей жеткізу өзекті болып отыр екен. Бүгінгі таңда Алматы облысы ұсақ кәсіпорындарды ірілендіруге байланысты науқанды сәтті атқарып келеді. Мәселен, кооперацияға біріктірудің нәтижесінде 74 200 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, бұрын-соңды болмаған үлкен көрсеткішке қол жеткізілуде. Барлығы 125 мың тонна қант қызылшасы жиналып, дайын өнім шетелге экспортталған. Осы жылы тек қана шағын және орта кәсіпкерліктің өзінен жергілікті бюджетке 132 млрд теңге пайда түскен.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: