astana-view

Бизнесті дамытуға бағытталады

2016 жылғы 28 Сәуір
8522 просмотров

Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға Бірыңғай жинақтаушы қорындағы зейнетақы активтерін барлық банктер ала алмайтын болды

Ұлттық банк Елбасы айтқан бағыттар аясында Бірыңғай жинақтаушы  зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялауды бастады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау 2016 жылы зейнетақы түсімдерінің аккумуляциясына қарай жүзеге асатын болады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі. Олардың бір бөлігі қайтарылмалы негізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталмақ.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстанның квазимемлекеттік сектор субъектілері мен екінші деңгейлі банктерінің қаржы құралдарына инвестициялау нарықтағы пайыздық мөлшерлемелер бойынша қайтарылмалы негізде жүзеге аспақ, делінген Ұлттық банк хабарламасында. Сондай-ақ, БЖЗҚ зейнетақы активтерін екінші деңгейлі банктердің қаржы құралдарына инвестициялау шартты түрде орындалмақ. Ұлттық банк  қаражат шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналымдық капитал түрінде қаржыландыруға және қарыздарды қайта қаржыландыруға кетеді деп сендіріп отыр. Екінші деңгейлі банктердің инвестицияланған қаражатты игеруін және мақсатты пайдалануын «бұл салада айтарлықтай тәжірибесі бар» «Даму» КДҚ» АҚ бақылап отыратын болады.  

Ұлттық банк сарапшыларының сөзіне қарағанда, БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау механизмі әр банкке қатысты барынша мүмкін болатын инвестиция көлемін есепке ала отырып, «түсінікті әрі ашық» түрде өтетін болады. БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы активтері ЕДБ активтері мен пассивтері құрылымында айтарлықтай ауытқуларға жол бермей, тепе-теңдік орнатуға сеп болады деген үміт бар.

ҰБ баспасөз қызметінің деректері бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерін банк қаржы құралдарына инвестициялау сол банк немесе оның жалғыз акционері болып саналатын иегер компаниясының халықаралық рейтинг агенттіктерінің бірінің рейтингтік көрсеткіші болған жағдайда жүзеге асады.

Бір қызығы, осылай бола тұра, зейнетақы активтері есебінен шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағдарламасына қатысушылар саны 30  немесе 35 қана болмақ. Ұлттық банк қаржылық-зейнетақы бортына ілікпей қалған банктердің атын атамай, қаражатты тек «ұсынылған ұсыныстарға келісіп, аталған бағдарламаға қатысуға даярлығын растаған» қаржылық институттар ғана алатынын жеткізеді. Бес банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау көлемін өздеріне тиесілі лимит мөлшерінен асырған, ал өзгелері негізгі қызметінің аталған бағдарламаға сәйкес болмауы немесе рейтингтік көрсеткішінің жоқтығы себебінен қабылданбаған.

Естеріңізге салсақ, 2016 жылдың 10 ақпаны күні үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 триллион 450 млрд теңге көлеміндегі БЖЗҚ зейнетақы активтерін бірқатар бағыттарға, жекелей алғанда, республикалық бюджет дефицитін қаржыландыру мақсатында 350 млрд теңгені Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағазын сатып алуға, шетел нарықтарында инвестициялау мақсатында 500 млрд теңгені шетел валютасын сатып алуға, 400 млрд теңгені квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шартталған қарыздық құнды қағаздарды сатып алуға инвестициялауды тапсырды. Бұдан басқа, БЖЗҚ-нің 200 млрд теңгеге тең активтері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктердің шартталған қаржы құралдарын алуға жұмсалуы мүмкін.

Қазақстан Ұлттық банкінің сендіруінше, «екінші деңгейлі банктерге инвестицияланған қаражаттың сақталуы» қаражаттың игерілу және мақсатты пайдаланылуына бақылау жасау, сонымен бірге ақырғы қарыз алушылардың қаржыландыру шарттарын сақтауы арқылы қамтамасыз етілмек.

Жанар Сердалина

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер