astana-view

Кәсіпкерлер құқығы қорғалады

2016 жылғы 28 Сәуір
- Астана қаласы
8516 просмотров

Астанада Ирак Елекеевтің төрағалық етуімен Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі елордалық кеңестің 15-ші отырысы болып өтті

Жиналыс барысында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов Кеңестің 14-ші отырысын қорытындылап, келіп түскен өтініштер бойынша есеп берді.

«Осы жылдың наурыз айында кәсіпкерлік субъектілерінен Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына 34 өтініш келіп түссе, соның ішінде 9-ы оң шешімін тапты. 613 миллион теңгедей сомада кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды», – деп мәлімдеді Бауыржан Бейсенов.

Одан соң, Кеңес мүшелері Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының елордадағы жекеменшік балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін арттыру туралы ұсынысын қарады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айдар Таласбаев бұл дотацияның көлемі 2012 жылдан бері өспегенін, бүгінгі таңдағы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген 15 900 теңге мен 23 мың теңге көлеміндегі ата-аналар төлейтін төлем қаладағы осы салада кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің шығынын жаппайтынын жеткізді.

«Сонымен қатар, кәсіпкерлер атап өткендей, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жекеменшік балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыру жыл сайын қаралып, артып отырады. Мәселен, Қарағанды облысында ол 2010 жылғы 10 825 теңгеден 2016 жылы 17 000 теңгеге артқан, соған сәйкес ата-аналар тарапынан төленетін төлем де 12 175 теңгеден 18 800 теңгеге өскен. Осыны негізге ала отырып, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының жан басына шаққандағы қаржыландыруды 23 000 теңгеге дейін арттыру туралы ұсынысын қолдайды», – деп мәлімдеді Айдар Таласбаев.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнар Жүсіпова елордаға қарағанда, бұл дотацияның республиканың өзге өңірлерінде көптігімен келісетіндігін әрі оны республикалық деңгейде шешу қажеттігін айтты.

Пікір-талас нәтижесінде Кеңес мүшелері Астана қаласы уәкілетті органдарына мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдардың мемлекеттік дотациясын өсіруге қатысты өтініш білдіру туралы шешімге келді.

Сонымен қатар, отырыс барысында «Олимп» («МЫРЗА-ХАН»ЖШС) клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі басшылығының Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан келтірілген заңсыз әрекеттеріне шағымы қаралды.

«МЫРЗА-ХАН» ЖШС директоры Ерлан Сүлейменов елордалық Денсаулық сақтау басқармасының Астана қаласындағы амбулаторлық-поликлиникалық ұйымдардың бас дәрігерлерін №4 қалалық емхана жанындағы Зертханалық технологиялар орталығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде биохимиялық және иммунологиялық зерттеулердің барлық түрін жүргізуге міндеттейтін бұйрық шығарғанын мәлімдеді. Бұл шаралар зертханалық зерттеулермен айналысатын кәсіпкерлерге теріс әсерін тигізеді.

Өз кезегінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұржан Букин ҚР Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес, ҚР Үкіметі еркін бәсекелестік үшін қолайлы жағдай жасауы қажеттігін, сол үшін Елбасының ҚР Үкіметіне монополияға қарсы әрекеттерді күшейту үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырғандығын атап өтті.

«Аталмыш бұйрық ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының талаптарына қайшы. Оған сәйкес, Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың, жергілікті атқарушы органдардың актiлер не шешiмдер қабылдаудан көрiнетiн бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады», – деп атап өтті Нұржан Букин.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Ермағамбетов елордалық Кәсіпкерлер палатасының сұрауы бойынша ведомствоның Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасының бұзылғандығын тексеруді бастағанын айтты. Кәсіпкер келтірген дәлелдер расталса, кінәлі лауазымды тұлғаға 200 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салынады және бұйрықтың бәсекелестік орта құруға қайшы келетін тұсын өзгерту туралы бұйрық шығарылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер