astana-view

Ауыл шаруашылығын субсидиялау өзгереді

2016 жылғы 29 Сәуір
9424 просмотров

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрілігінде аграрлық секторды ішкі ғана емес, сонымен бірге сыртқы нарықта да дамытуға арналған бағдарлар айқындалуда

Отандық агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті жоғары, біздің өнімдер шетелдік балама түрлерімен бәсекеде табысты нәтижелерге ие. Бұл туралы бүгін Астанада өткен парламенттік тыңдалым барысында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті. Жиында аграрлық сектордың тек ішкі ғана емес, сонымен бірге Қазақстан толыққанды мүшесі саналатын ЕАЭО және ДСҰ нарықтарындағы перспективалары талқыға салынды.  

Осы тақырыпта әңгіме өрбіткен министр отандық ауылшаруашылық  тауар өндірушілері үшін экспорт әлеуеті айтарлықтай өскенін, алайда  объективті проблемалар сауда мен өндірістік алға жылжуды кедергіге ұшыратып тұрғанын жеткізді.

«Қазақстанның ЕАЭО және ДСҰ аясында ашық шекара жағдайындағы қызметінің барлық артықшылықтарына қарамастан, біз отандық азық-түлік нарығынан шетел контрафактілік және бұрмаланған өнімдерін көріп жүрміз», – деді А.Мамытбеков.

Министр сонымен бірге, мұндай өнім сатып алушыларды жаңылдырып қана қоймай, «азық-түлік нарығында жауапсыз бәсекенің туындауына әсер етеді» деп отыр. Сондықтан, Қазақстан АШМ «мұндай өндірушілер мен сатушылармен күресте белсенді ынтымақтастық орнатуға» шақыруда.  Сондай-ақ, А.Мамытбеков Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы нарық проблемаларын шешудегі маңызына да тоқтала кетті. Еске салсақ, бес мемлекеттің жиынтық ЖІӨ бар, тұрғындар саны 180 миллионнан асатын ЕАЭО нарығы 2,2 триллионнан астам АҚШ доллары деңгейінде бағаланады. Ал ДСҰ-ға келер болсақ, Қазақстан үшін бұл «экспортқа бағытталған ауылшаруашылық өнімдерін дамыту үшін ауқымды мүмкіндіктерге» жол ашпақ. Сонымен бірге, Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау жалғасатын болады.

Экономиканың аграрлық секторындағы шешімін таппаған проблемаларға ойысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы, бірінші кезекте, «уақыт талабына еш сәйкес келмейтін оның бәсекеге қабілетсіздігіне» тоқталды.

«Мұндай жағдайдың орын алу себептерінің бірі «Агробизнес – 2020» бағдарламасы құралдарының толық қаржыланбауы болып саналады. Мысалы, 2013 жылы толық қаржыланбау көлемі 26 млрд. теңге (14,13%), 2014 жылы – 110 млрд. теңге (35,4%), 2015 жылы – 115 млрд. теңгені (34,4%) құраған, ал 2016 жылы – 127 млрд. теңге (36,8%), 2017 жылы – 175,0 млрд. теңге (45,7%) болмақ»,  – деп дәйектеді министр.

Оның деректері бойынша, нәтижесінде «ауыл шаруашылығына салыстырмалы түрде аз инвестиция салынған». А.Мамытбеков айтқан ақпарат бойынша, 2015 жылдың қорытындылары бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 167,1 млрд. теңгеге тең болған. Бұл өнеркәсіп саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемінен 23 есе, ал көлік және қаттау саласынан 7 есе аз.

Осы және өзге де проблемаларды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі «бұдан кейінгі субсидиялау процесін автоматтандыруды қоса алғанда АӨК субсидиялау жүйесін реформалауды» жалғастыруға уәде беріп отыр. Оған қоса, АШМ қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар пакетін енгізу жүзеге аспақ. «Қолданыстағы заңнамалық актілерде ұсынылып отырған өзгерістердің болмауына байланысты, бірінші кезекте АӨК мемлекеттік қолдау жүйесін құқықтық реттеуді жетілдіру және оның тиімділігін арттыру қажет», – деді министр.

А.Мамытбеков аграрлық саланы мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерін заңнамамен бекіту «ауыл шаруашылығын қолдаудың тиімділігін арттырып, осы салымдар арқылы үздік нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді» деген  сенім білдірді.

 

Жанар Сердалина

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер