Тимур Құлыбаев Алматы облысында көтерме-логистикалық орталық салуды ұсынды
Алматыда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен аграрлық кооперация арқылы ауылшаруашылық тауарларын тікелей өткізуді дамыту жөнінде аймақаралық жиын өтті.
Жиында елімізде сапалы әрі қолжетімді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардың аздығы, олардың өнімдерін сақтайтын арнайы қоймалардың жеткіліксіздігі, тауарларды нарыққа шығару және жеткізу мәселелері, логистикалық кедергілер сияқты ауыл шаруашылығы саласының басты проблемалары талқыланды.
Тимур Құлыбаевтың айтуынша, қазақстандықтар өздері өндіре алатын дәстүрлі тауарларды 2,2 млрд АҚШ долларына шетелден импорттап келеді. Мұның басты себебі тауарды сапалы өндіретін және өңдейтін, нарыққа шығаратын жүйенің жетілмеуі.
«Ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар мәселесін шешуіміз керек. Алматы облысында көтерме -логистикалық орталық салуды ұсынамыз. Бұл отандық ауыл шаруашылық өнімдерді өндіруші кәсіпорындардың тауарларын Алматы қаласының нарығына шығаруға және өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Осындай жағдайда ғана олар өнімдерін тиімді бағаға сата алады. Біз өз тарапымыздан «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингімен бірлесе отырып, аталған орталықтың құрылуына көмектесуге дайынбыз. Бұл орталық Алматы облысы бойынша 700 млн АҚШ долларын құрайтын импортты алмастырып, оңтүстік облыстардағы кәсіпкерлердің Алматы нарығына шығуына жол ашатын болады», – деді Тимур Құлыбаев.
Сонымен бірге, Төралқа төрағасының айтуынша, «Атамекен» ҰКП-ға биылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің кооперативтерді дамыту жөніндегі жұмыстары жүктеліп отыр. Осы орайда, Төралқа төрағасы Кәсіпкерлер палатасына ауыл шаруашылығының әлеуетін жақсарту үшін кооперациялардың мүмкіндіктерін арттыруды ұсынды.
«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды саласы. Оны дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. «Атамекен» ҰКП 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Өндірістік кооператив туралы» Заңның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, кішігірім өндірістік кәсіпорындарды кооперативтерге бірігуге шақырып отыр. Алайда ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен жер игеруші шаруалар, фермерлерде кооперативке бірігуді қайтадан бұрынғыдай колхозға бірігу немесе жерді тартып алу деп түсініп, тартынып келді. Атап өтетіні, кооперативтердің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өкілдерінің қаржылық, логистикалық, тауарды өндіру және сату, ортақ техникаларды пайдалану, тыңайтқыштарды сатып алу, өнімдердің сұрыптарын таңдау секілді шаруалардың жеке-дара шеше алмайтын мәселелерін бір орталықтан шешуге ықпал ету. Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП мен оның өңірлердегі филиалдары кооперация туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Төралқа төрағасы.
Айта кетейік, жиынға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының бизнес өкілдері, екінші деңгейлі банк өкілдері, дамытушы қорлар мен бизнес қауымдастықтардың мүшелері қатысып, аграрлық саланың бүгінгі проблемаларын тілге тиек етіп, болашағы жөнінде тұжырымдар айтылды. Жиын барысында Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы, қалалық дүкендер желісі мен кооперациялар арасында серіктестік жөнінде үш жақты келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен бірге, Алматы облысының әкімдігі мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ арасында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын микрокредиттеу жөнінде үшжақты келісімшарт жасалды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: