astana-view

Дуальды оқыту алғашқы бестікке шығарды

2016 жылғы 29 Сәуір
- Қызылорда облысы
7144 просмотров

Қазалы аграрлы-техникалық колледжі дуальды білім беру жүйесі арқылы оқу бағдарламаларын жетілдіріп, аграрлық мамандықтардың санын арттыруды көздеп отыр

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ықпал етуімен Қызылорда облысының білім басқармасы 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 8 оқу орнына 23 мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесін енгізді. Осы орайда, өңірдегі   алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – Қазалы аграрлық-техникалық колледжі дуальды оқыту бойынша білім сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.    

Инженер-педагогтар да білімін ұдайы жетілдіреді. Мамандар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қызылордалық филиалында, сондай-ақ, Минск қаласында тағылымдамадан өтіп келді. Колледж «РЗА» АҚ, «Рза-Асыл түлік», «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Жылу-ХХІ», «Сыр маржаны», «Жалаңтөс», «Мерей», «Намыс-құрылыс», «Қазалы-Жолшы» серіктестіктерімен тығыз байланыс орнатқан. Әр оқу жылының басында екіжақты келісім-шарт жасалып, білім алушылар өндірістік іс-тәжірибеге жіберіледі. Мәселен, өткен оқу жылында 3-курс студенттері кәсіптік тәжірибеден өтіп, күріш жинау, егін жинауға техника дайындау, спорт кешенін дәнекерлеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу, жол салу, жылу жүйелерін жүргізу жұмыстарына машықтанды. Ал көктемде ветеринариялық егу, мал төлдету, жемдеу жұмыстары бойынша тәжірибе жинақтады.

Дуальды оқыту жүйесін жақсартудың нәтижесінде, колледж облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындардың алдыңғы бестігінен орын алды. «Дуальды оқыту жүйесінен колледждер де ұтады. Өндірісте қолданылатын жаңа технологиялар мен техникалар туралы мағлұмат алып, өз оқу бағдарламасына енгізе алады. Колледждің әлеуеті көтеріліп, мамандыққа деген сұраныс ұлғаяды. Білім алушыларды қабылдау контингенті жоғарылайды. Ал білім алушы үшін ұтқыр тұстарын сараласақ, оның оқып жүріп, ақша табу мүмкіншілігі бар. Үш жылда мамандығының қыр-сырын меңгерген түлек жоғары білім алуына да болады. Сонымен қатар, кәсіпорында жұмысқа қалуға мүмкіндік туады», – дейді колледж әдіскері Шарбану Баекеева. 

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде дуальды оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, аудандық білім басқармасы, кәсіпорын, оқу орны арасында төртжақты келісімшарт жасалды. Нәтижесінде оқу бағдарламасының 40 пайызы теория жүзінде, 60 пайызы тәжірибе түрінде өткізіліп келеді. Қазалы аграрлы-техникалық колледж директорының орынбасары Қаршыға Арызақыновтың айтуынша, өңірлік кәсіпкерлер палатасы студенттердің өндірістік біліктілігін арттыруға ықпал етумен қатар, олардың білім сапасын да қадағалап отыр. «Өңірлік кәсіпкерлер палатасы дуальды оқыту жүйесін енгізіп, оқу үдерісін қадағалап келеді. Мәселен, студенттердің аралық аттестациялары мен мемлекеттік емтихандарының, дипломдық қорғау жөніндегі комиссияның төрағалығына Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бір өкілін шақырамыз. Олар дуальды білім алған студенттердің білімін шынайы бағалап, растайды», – дейді колледж директорының орынбасары.

Қорыта айтқанда, оқытудың дуальды жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді  жолдарының бірі екенін, еңбек нарығына бейімделген іскер азаматтарды даярлауға негізделгенін осындай қарапайым мысалдардан анық аңғаруға болады.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер