astana-view

Қажет пе? Үйретеміз!

2016 жылғы 03 Мамыр
- Қарағанды облысы
12950 просмотров

Саран қаласының студенттері бизнес-идея туралы үздік шығармалар байқауында бақтарын сынады

Жастар кәсіпкерлігін жандандыруға сарандық бизнесмендер білек сыбана кірісіп кетті. Шағын және орта бизнес комитетінің бастамасымен шығармалар байқауы ұйымдастырылды.

Саран қаласындағы арнайы орта білім беру орындарының студенттері шығарма түрінде көпшілікті жеке бизнес-идеясымен таныстыруға мүмкіндік алып отыр. Шығармалар түрлі тақырыптарда жазылыпты: мал шаруашылығын дамыту, пиццерия ашу, автокөліктерді жалға беру. Бастысы, жоба қызмет көрсету саласындағы жерлестерін сапаға бағыттаса болғаны. Алғашқы кезең бойынша ең үздік деп танылған 10 оқушыға қазылар алқасы кәсіпкерлік негіздерін оқытуды жөн көріп, оқу сертификаттарын табыс етті. Бір айдың ішінде кәсіпкерлер палатасы филиалының мамандары оларды маркетинг, салық негіздері мен бизнес-жоспарлау кезеңдеріне баулыды. Осылайша, қала бизнесмендері көп жылғы тәжірибелерін жасөспірімдердің жаңа әрі жасампаз идеяларымен ұштастыруды жөн көріпті.

«Әрине, үздік бизнес-жоспарлауды жүзеге асыруға мүмкіндік беруді жоққа шығармаймыз. Яғни, біздің міндетіміз қазіргі сәтте жастар кәсіпкерлігін насихаттап, олардың өз-өздерін қалыптастыруға ынталандырып қана қоймай, моральдық, материалдық жағынан барынша қолдау көрсету», – дейді Кәсіпкерлер палатасының Саран қаласындағы филиалының шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Ринат Минхаиров.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, өзге де байқаулар секілді шығарма жазуға да белгілі бір талаптар қойылған. Соған сәйкес, шығарма келешегі бар, сұранысқа ие, қалада жүзеге асыруға болатындай мүмкіндігінше жаңа бизнес-идеяға негізделуі керек. Авторлық мәтін 70%-дан кем болмауы керек әрі плагиатқа тексеріледі. Осылайша, қазылар алқасы қатысушылардың ықыласын күшейту үшін, оларды жан-жақты ақпарат жинауға ынталандырмақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер