astana-view

Қаражат көзін қор нарығынан да табуға болады

2016 жылғы 12 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
11483 просмотров

Қор нарығы орта кәсіпорындарды да қамти бастады

Қазақстандық қор биржасы Қазақстан қаржы нарығы инфрақұрылымының басты элементтерінің бірі. Қор биржасында кәсіпкерлер банк несиелеріне балама қаражатты тарта алады.

Бұл туралы БҚО бизнесмендеріне «Қазақстан қор биржасы» (KASE) АҚ  мен оның әріптестері – аудит, салық салу, мәмілелерді сүйемелдеу және кеңес беру саласындағы халықаралық көшбасшы «Эрнст энд Янг – кеңес беру қызметтері» ЖШС, «Фридом Финанс» АҚ инвестициялық компаниясы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кездесуде баян етті. Кездесуге қатысушылар KASE өкілдері мен оның әріптестерінен компанияларға инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін қор нарығының қаржыландыру механизмдері туралы құнды ақпараттар алды. Кез келген компанияның қор нарығына шығуы оның бизнесінің халықаралық қаржылық талаптарға сай және ашық бухгалтерлік есеппен жүргізетін сенімді фирма ретінде имиджін жақсартады.

«Экономикалық өсім бәсеңдеген жағдайда Қазақстанға қосымша қаржылық қорлар көзін тартудың баламасы ретінде дәл қор нарығын дамыту аса маңызды. Шағын және орта бизнеспен айналысатын көптеген компаниялар, соның ішінде ҰКП мүшелері де инвестиция тартуда белгілі бір қиындықтарға тап болып отырғандығы анық. Біздің мақсатымыз – қосымша қаржы көздерін тарту мәселелері бойынша сондай компанияларға кеңес беру, – деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк. – Сондықтан, қазақстандық қор нарығы арқылы инвестициялар тарту мүмкіндіктерін талқылау үшін кәсіпорындардың құрылтайшылары мен басшылары арасында кездесулер өткізудеміз. Бұл кездесулер «Атамекен» ҚР ҰКП мен Қазақстан қор биржасы арасында қол қойылған меморандум шеңберінде ұйымдастырылуда. Бұл халықаралық қаржылық орталықтармен белсенді өзара әрекет етуге септігін тигізеді деген үміттемін. Сондай-ақ, уақыт сынынан өткен қазақстандық қор биржасы институты мен ҰКП қор нарығы механизмдерін дамыту мен қор нарығының кәсіби қатысушыларын шоғырландыру жөнінде сенімді әріптес атанғандығын қалар едік».

«Қор нарығына инвесторлардың қалың нөпірі келуі үшін қаржы нарығының егжей-тегжейін оқытудың қажеті жоқ, – деп атап өтті Андрей Цалюк. – Банктік қызмет көрсетулермен қатар басқа инвестициялардың да бар екенін ел білу үшін базалық ақпарат тарату қажет. Өз қаражатын банктік депозиттерге орналастыра отырып, банктің оны қалай пайдаланатыны туралы ешкім ойлана бермейді емес пе? Белгілі бір уақытта банк оны белгілі бір пайызбен қайтаратынын барлығы біледі. Құнды қағаздарды инвестициялауға келер болсақ, мұнда инвестициялау ережелерін, инвестиция мерзімін, жарналар өтеле ме, жоқ па соны, қорғаныс жүйесін білу қажет». «Әрине, – деп сөзін жалғады Андрей Цалюк, – қор нарығына шыға отырып компания белгілі бір қаржылық шығындарға тап болады: қаржылық есеп-қисапты халықаралық стандарттар бойынша жүргізуге өту, оған қоса аудитке, қаржылық кеңес берушілерге кететін шығындар. Орташа жеке компаниялар белсендірек қор нарығына шығу үшін белгілі бір салықтық ынталандырулар қажет. Яғни, қор нарығын дамыту мәселелерін шешуде мемлекеттік органдар тарапынан қолдау мен түсіністік керек».

«Қазақстан қор биржасы» АҚ-ның эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Элвира Сәрсенбаева кездесуге қатысушыларды Қазақстан қор биржасы жұмысының негізгі қағидаларымен таныстырып, қор нарығы деген не, өз акцияларын қор биржасында сатуға шешім қабылдаған кәсіпорындарға қойылатын биржалық талаптар қандай және қор нарығының эмитент кәсіпорындары қандай тәуекелдерге барады деген сұрақтарға жауап берді.

«Эрнст энд Янг – кеңес беру қызметтері» ЖШС-ның мәмілелер жөніндегі кеңес беру департаментінің менеджері Гүлнар Бадығанова мен «Фридом Финанс» АҚ-ның Орал қаласындағы өкілі Бауыржан Мұханбетов халықтық IPO туралы, заманауи және тиімді әдіспен қалай капитал тартуға болатындығы жөнінде және IPO-ға қатысуға дайындалу кезінде қаржылық кеңес берушінің рөлі турасында айтып берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер