astana-view

Үнемдеймін деп шығынға ұшырады

2016 жылғы 16 Мамыр
- Қостанай облысы
10575 просмотров

«ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы қостанайлық кәсіпкерлерге пайдаланылмай қалған газ үшін айыппұл салған. Монополист бұл санкцияларды «желге ұшқан пайда үшін» салынды деп отыр

Аталған проблема облыстық Кәсіпкерлер палатасы брифингінде айтылды. Директордың орынбасары Самат Сәдуақасов проблеманың мәнін, келіп түскен шағымдарды мысалға келтіре отырып, ашып берді.

«Мәселен, кәсіпкер тұтыну үшін 1000 текше метр газға өтінім берді делік. Алайда, іс жүзінде 600 текше метр газды ғана пайдаланды, мұның себебі де түсінікті, былтыр желтоқсан айы жылы болды. Міне, қалған 400 текше метр газ үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» желге ұшқан пайда ретінде бізге айыппұл санкцияларын салып отыр», – дейді Сәдуақасов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер көгілдір отынды толыққанды қолданбау жағдайлары бұрын да болған, алайда пайдаланылмаған газды өтеу талаптары, салдарында кәсіпкерлердің шағымдану деректері биыл ғана орын алып отыр. Бұл норма келісімшартта жазылған, дегенмен шартқа отыру кезінде оны алып тастауға мүмкін болмаған.

«Кәсіпкерлер қайшылықтар жөнінде хаттама толтырып, бұл тармақпен келіспейтіндіктерін айтқанымен, монополист аталған хаттамаларды қабылдамады. Бизнесмендердің амалы таусылды», – дейді Самат Сәдуақасов.

Палата сарапшылары осы дерек бойынша облыстық прокуратураға жүгініп, монополияға қарсы ведомствоның тексеріс жүргізуіне түрткі болды. Брифингте мәселе сотта шешілуі мүмкін екені айтылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер