astana-view

Өзгенің жыртысын жыртқанша...

2016 жылғы 16 Мамыр
- Жамбыл облысы
9178 просмотров

Тараздық білім ошақтары мектеп киімін жергілікті тігін кәсіпкерлеріне тапсырыспен тіктірмек

Бұл шешім Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен мектеп директорлары, ата-аналар комитеті және Тараз қалалық әкімдігі білім бөлімі өкілдерінің тігін кәсіпорындары және цехтарымен өткен кездесуінде қабылданды.

Қазақстанда қаңтардан бастап орта білім беретін оқу орындарына арнайы мектеп формасын кию міндеттелген. Бұл құжатта күнделікті, спорттық және шерулік формаларға қойылған талаптар тәптіштелген. Формаға үш түстен артық қолданылмауы тиіс және оған сапасы жартылай жүнді және мақталы мата қолданылуы қажет. Мектеп формасында білім беретін ошақтың арнайы белгісі жапсырылып тігілуі тиіс. Сонымен қатар, орта білім беру ұйымдарының директорлары 25 мамырға дейін мектеп формасының нақты үлгісін бекітулері тиіс.

ҚР «Атамекен» ҰКП-ның мектеп формасын отандық өндірушілерге дайындату жөніндегі бастамасы ҚР Инвестиция және даму министрлігінің жақында ғана өткен мектеп формасының  республикалық форумында қолдауға ие болды. Министрліктің мәліметі бойынша, қазақстандық нарық импорт тауарларына толып тұр. Мектеп формасының жыл сайынғы айналымы 30 миллиард теңгені құрайды. Тапсырыс шетелге берілгендіктен мемлекет қазынасы жыл сайын 4 миллиард теңгеден артық қосымша құн салығын жоғалтады екен.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, мектеп формасын тігуші отандық кәсіпорындардың үлесі 7 пайыздан аспай отыр. Палата бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін көтермек ниетте.

Сондықтан, Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Қарлығаш Аралбекова орта білім беретін 58 ұйымның директорларын, ата-аналар комитетінің өкілдерін осы жиынға шақырып, міндетті түрде жергілікті кәсіпкерлерге тапсырыс беруді сұрады.

«Отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатымен итальяндық костюмдерден бас тартқан Елбасын үлгі ретінде алсақ деймін, – дейді ол, – Отандық тігін өндірісінің олқылықтары бар екенін түсіне отырып, бағасының қырғыз не қытай тауарынан қымбатқа түсетіндігін біле отырып біздің тігін өндірісін қолдауларыңызды күтеміз. Осыған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, егер, өзімізді өзіміз қолдамасақ, бізді кім қолдайды?».

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер – «Айвенго» ЖШС, «СБ плюс» ЖШС, «Рахметова» ЖК, «Омарбекова» ЖК, «Каримова» ЖК, «Туркменбаева» ЖК өздерінің қамти алатын мүмкіндіктері, көлемі, киім бағасы туралы айтты және лайықты дайын киім үлгілерін көрсетті. Біздің компаниялар тараздық оқу орындарына арналған  мектеп формаларын еш қиындықсыз дайындай алатын болып шықты. Іс-шара аяқталысымен жиынға қатысушылар бір-бірімен байланыс нөмірлерімен алмасып жатты. Жиын қорытындысы бойынша, қатысушылар мектеп формасын толықтай жергілікті кәсіпорындарға тапсырыс беріп тіккізетін болды.

«Бұл мәселеде түсіністік таптық. Іскер әйелдер кеңесінің ендігі қадамы – облыстың барлық тігіншілерін үлкен көлемдегі тапсырысты арзан бағамен тігетін бір немесе бірнеше кооперативке, бірыңғай немесе бірнеше брендке («Made in Taraz») біріктіру қажет», – деп атап өтті Қарлығаш Аралбекова, – Біз облыстағы мықты тігіншілер мен облыс аудандарынан «UMAI» жобасына қатысушы және сынақ алаңына өз жұмыстарын қоюшы жас тігінші кәсіпкерлерді шақыра отырып, шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз жас іскер әйелдердің әлеуетін дамытуға бағыт беріп, үлгі көрестуіміз қажет!»


Еншілес ұйымдар

Серіктестер