astana-view

«Атамекен» ауылдағы ағайынға қол ұшын созуда

2016 жылғы 17 Мамыр
2442 просмотров

Бүгінде, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қызылорда мен Алматы және Ақтөбе облыстарындағы шағын кәсіп иелерін несиелеуді бастағанын хабарлаймыз.

Мақсат – ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, өндірісті қосымша ынталандыру жолында тиімді жүйе құру, кәсібін енді бастаған бизнесмендерге қол ұшын созу. Сонымен қатар, банк саласы назарынан тыс қалған ауылдық елді мекендер жобаларын демеу, нақты жас кәсіп иелерін оқытып, несиелеу, бизнестің орнықтылығын арттыру мұратында қызметтерді сервистік қамтамасыз ету көзделуде. Нәтижесінде салықтық ауқым кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қажетті соманы қаржы агенттіктеріне сыйақы тағайындаусыз ұсынуда. Алайда, несие тұтынушылық мүддеге, бұрынғы несиелер қарызын жабуға, қайта қаржыландыруға, тұрғын үй мен жер телімдерін алуға, сауда-саттыққа жұмсауға берілмейтінін ескеру қажет.

Шағын кәсіпкерлік санатына кіретін шаруа қожалықтары өкілдері, жеке кәсіпкерлер,  заңды тұлғалар, аймақтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына немесе Кәсіпкерлер палатасына жүгінсе болады. Бұл мекемелерде жеңілдіктер, несиелік өтінімді жылжымайтын яки жылжымалы мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, белгілі бір құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, кепілдік, үшінші жақтың кепілгерлік етуі сынды маңызды жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжат жинауға көмектеседі. Мысалға, бүгінгі таңда, аймақтарда кредиттік комитеттер түзіліп, өтінімдер жоғарыда келтірілген Кәсіпкерлерге қызмет орталықтары мен Кәсіпкерлер палатасы арқылы қабылданатыны шешілген.

 - «Атамекен» ҰКП сыйақы мөлшерлемесінің жоғары шегі 7%-дан аспайтындай тағайындады. Кәсіпкерлерге қызмет немесе қолдау орталықтарының мамандары бизнес иелеріне құжат жинаумен бір уақытта, тың жобаны бухгалтерлік және заңгерлік қаржылық емес көмек түрлерімен сүйемелдеуге әзір. Тағы бір назар аударатын жайт, несие беру туралы түпкілікті шешімді шығаруға тәжірибе жүзінде шаруасын дөңгелетудегі, күнделікті ахуалмен, кәсіпкерлердің мұң-тілегімен жақсы таныс бизнес субъектілері белсенді атсалысады. Оларға арнайы осындай құқық беріліп, соңғы қорытынды шешім ортақ дауысқа салынады. Бұл мақсатта Алматы мен Ақтөбе облыстарында мемлекеттік мекемелер мен бизнес-қауымдастық арасында сұхбат алаңын құрушы аймақтық кеңес мүшелері енген кредиттік комитеттер қалыптасып, өтінімдерді қарастыруға білек сыбана кіріскен. Қызылордада несие өтінімдерін «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығының бақылаушы кеңесі салмақтайды, – деп түсіндіреді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту жөніндегі департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.

Еске сала кетсек, «Атамекен» ҰКП, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстарының әрқайсысына, «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ қарыз қаржысы есебінен 300 миллион теңгеден бөлетін болып отыр.

Сонымен, қазіргі уақытта, Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдік 300 млн теңгеден 600 млн теңгелік қаржы көлемін қалыптастырған. Ақтөбе бойынша мұндай соманы Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры тағы 300 млн теңгемен толықтырып, 900 млн теңгеге жеткізуде. Қос облыстағы кәсіпкерлер 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 4,5 жылдық мерзімге 500 мыңнан 17 мыңға жуық теңгеге дейінгі деңгейде несие ала алмақ. Қызылорда облысында «Атамекеннің» 300 млн теңгесінен бөлек, әкімдік 360 млн теңге қарастыруда. 15 млн теңгеге дейінгі несие 7% сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі уақыт аралығына табысталмақ.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер