astana-view

Табиғи өнім қашанда құнды

2016 жылғы 17 Мамыр
- Маңғыстау облысы
12162 просмотров

Маңғыстаудың нәзік кәсіп иелері экологиялық таза өнім өндірісіне басымдық беруде

Бұл жайында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова қатысқан Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің отырысында айтылды.

Жергілікті Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Сәуле Салихова қызметтерінің бес негізгі бағытын атап берді.

«Бұл мал шаруашылығы, яғни түйе және қой жүнін жинау, сүт-айран өнімдері өндірісі (шұбат, қымыз, балқаймақ, ірімшік), бөденелер мен түйеқұстар өсіру. Жеңіл өнеркәсіп – жүнді тауарлық түріне дейін қайта өңдеу, жүннен көрпелер жасау, эконом-класты киім-кешек тігу. Балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары –  аудан орталықтарындағы балабақшалар санының өсуі, мүгедек балаларға арналған даму орталықтары, әйелдерге арналған кәсіптік білім беру курстары (пішу және тігу, кондитерлік іс, киіз басу, кілем тоқу). Ақтау – Атырау республикалық трассасы және жергілікті мәндегі жолдардың бойында бірыңғай тұжырымдама әзірлей отырып, жол бойы сервисін – мотель, дәмхана, автосервис, жанармай құю бекеті мен дүкен кешенін дамыту.  Тағы бір маңызды бағыт – этно және экотуризмді дамыту, яғни жергілікті өндірістің табиғи тағам өнімдерін сатып өткізетін этноауылдардың негізін қалау».

Сәуле Салихованың айтуынша, Кеңес қазірдің өзінде кәсіпкер әйелдерден жалпы сомасы 60 миллион теңгеге микронесиелеуге өтініш қарастырып үлгерді, осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Ұлттық палатаның Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова Қазақстанның экологиялық таза тағам өндіретін ел ретінде имиджін құру идеясын көтерді, және де осы үшін Маңғыстаудың бизнесвумендеріне өңір мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

«Ресейде, Араб әмірліктерінде және Қытайда Қазақстан экоөнімдерімен танымал. Маңғыстауда газдың бағасы ең төмен, бұл жылыжай шаруашылығын дамытуға ықпал етеді. Қазақстандағы бүкіл түйелердің 40%-ы біз жақта, сондықтан  шұбат, құрт, ірімшік пен балқаймақ өндіру, жүнді қайта өңдеу қажет. Мұның бәрі нағыз экоөнім емес пе, ол әлемдік нарықта орасан зор сұранысқа ие», – деп атап көрсетті Ләззат Рамазанова.

Оның пікірінше, «эко» деп атауға болатын өнімдерді анықтау үщін нарыққа талдау жүргізу қажет. Ол сондай-ақ, бастапқыда сыртқы нарыққа шықпай тұрып, өз нарығымызды толтырып алу керек екенін атап өтті, өйткені бүгінгі таңда елімізде азық-түліктің 70%-ы импорт болып табылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер