astana-view

Шағын кәсіпкерліктің үлкен әсері

2016 жылғы 18 Мамыр
- Қызылорда облысы
9649 просмотров

«Атамекен» басшысы шағын несиелеу бағдарламасын іске асыруда қызылордалықтардың белсенділігіне оң баға берді

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жұмысына қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев өңірде кәсіпкерлікке ыңғайлы жағдай жасалғандығын атап өтті. Мәселен, өңірде «Қызылорда шағын кәсіпкерлігі» жобасы жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба аясында Қызылорда облысы шағын несиелеуді дамытуда көш бастап келеді. Оны жүзеге асыру үшін 660 миллион теңге бөлініп отыр. Өңірлік инвестиция орталығы 70 жобаға 442 миллион теңге, ал ҰКП  50 миллион теңге көлеміндегі алғашқы траншын бөлді.

«Шағын несиелеу – тұрғындарды еңбекпен қамтудың ең тиімді және жылдам құралы. Өткен жылдан бері осы бағыт бойынша облыс белсенді әрі нәтижелі жұмыс жасап келеді. Өңірдегі әлеуметтік кәсіпкердің бірі үлкен көлемдегі өндірісі бола тұра, жаңа жұмыс орындарын құру үшін құс фабрикасын ашуды жөн деп тапты. Міне, адамдарды жұмыспен қамтудың ең қарапайым жолы», – деді Тимур Құлыбаев.

Қызылорда облысының әкімі облыстағы 8 ауданның жаңа индустриалды аймағын ӨКП-ның жедел басқаруына беруге дайын екендіктерін айтты. Бұл жерде Палатаның қызметіне индустриалды аймақтарды нақты жобалармен қамтамасыз ету және өтініш берушілерге бухгалтерлік, құқықтық қолдау көрсету жатады.

Сондай-ақ, ҰКП басшысы кәсіпкерлік негізін үйретуге және жобаларды даярлауға көмек көрсету қажеттігін айтты. «Ол үшін облыста Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Онда әдістемелік материалдар бар. Енді, тек тұрғындардың арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана қалды», – дейді Тимур Құлыбаев.

Атап өтер болсақ, 2016 жылдың тек үш айында Қызылорда облыстық Кәсіпкерлерді қолдау орталығы 20 мың азаматқа қызмет көрсетті. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны мыңнан асады. Есептік кезең бойынша 6 мың кәсіпкер тегін кеңес алып үлгерді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер