astana-view

Бизнесті білікті мамандар дамытады

2016 жылғы 19 Мамыр
- Ақтөбе облысы
6785 просмотров

«Білім. Жұмыс. Мансап – 2016» ІХ арнайы көрмесі аясында дуальды білім беруді кеңейтудің мүмкіндіктері мен болашағы талқыланды

Естеріңізге салсақ, Қазақстан мен Ресейдің орта және жоғары оқу орындары қатысып жатқан халықаралық көрме 18 мамыр күні Ақтөбе қаласында басталған болатын.

Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің жетекшісі Дамилия Құнанова атап өткендей, іс-шара оқу орындарының кәсіпорындармен әлеуметтік  әріптестік мәселелері және дуальды білім беру жүйесін кеңейту бойынша стратегиялық қарым-қатынастарын дамыту мақсатында өткізіліп отыр.

«Кәсіпкерлікті дамыту мамандарға тікелей байланысты. Өндірістік фактордың негізі адамдар мен қызметкерлерге тәуелді екендігі әлдеқашан мойындалған. Облыста кадрлар дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, атап айтқанда ТжКБ жүйесі бойынша жыл сайын 7 мыңнан аса орта дәрежедегі мамандар даярланады, олардың көпшілігі облыс пен қаладағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылуда», – дейді Дамилия Құнанова.

Дуальды білім беру жүйесін дамыту бойынша облыстық білім басқармасы өкілдері, колледж жетекшілері және жергілікті компаниялар аталған мәселе бойынша өз пікірлерін білдірді. Хромтау тау-техникалық колледжінің директоры тәлімгерлік және дуальды оқытуды дамытуда Дон кен-байыту комбинатының  жинақталған  мол тәжірибесі бар екендігін айтады. Белгілі болғандай, бұл жөнінен аталған оқу орны бірегейлігімен басым түссе, Дон кен-байыту комбинаты облыста ғана емес ҚР бойынша көрсеткіші жоғары кәсіпорын болып табылады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіпкерлік пен оқу орындарының қарым-қатынасы өзекті екендігін бірауыздан айтып отыр.  Кәсіпорындар инновациялық технологиямен жұмыс істей алатын мамандарға зәру.

«Технолинк LTD» ЖШС директоры, Ақтөбе политехникалық колледжі Қайырымдылық кеңесінің төрағасы  Эдуард Фатихов жұмыс берушілердің ТжКБ түлектеріне экономика дамуының заманауи талабына сай қойылған шарттары туралы айтты.

«Менің ойымша, бизнес «тапсырыс берсе», сонда жұмыс беруші дайын маманды алады. Өкінішке орай, қазіргі кәсіпкерлерде экономикалық ынта болмай тұр. Кәсіпкерлердің мойнына арнайы киім, тамақтандыру сияқты салмақты міндеттер артылып отыр», – деп есептейді Эдуард Фатихов.

«ТжКБ-ның көптеген оқу орындары дуальдық білім беру жүйесі бойынша жұмыс жасауға әзір. Бұл қуантарлық жағдай. Біз серіктестіктің жарқын болашағын көріп тұрмыз. Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлермен, облыстық әкімдікпен бірлескен міндеті сапалы мамандар даярлауға әлеуметтік серіктестіктердің қатарын көптеп тарту. Кәсіпкерлердің өздері үшін қажетті мамандарды даярлауға, жұмысшыны іздеу мен таңдауда үнем жасауға, өндіріс орнының қыр-сырына бейімдеуде берілген үлкен мүмкіндік. Ал, жастар үшін үлкен өмірге бейімделудің тамаша мүмкіндігі», – деп қорытындылайды Дамилия Құнанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер