astana-view

Отандық кәсіпорындар барынша тапсырыспен қамтылады

2016 жылғы 19 Мамыр
2487 просмотров

Еліміздегі ірі Ұлттық компаниялар отандық кәсіп иелеріне сұраныс көлемін төмендетпей, жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесе алады.

Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» қорына қарасты негізгі 8 еншілес ұйым арасында кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қою рәсімінде айтылды.

Қазақстандық бизнес үшін маңызды шараға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамындағы жүйе құраушы кәсіпорындардың аталған бағытқа жауапты басшылары қатысты. Бұл қадам барысында елдегі ірі өндіріс орындары мен кәсіпкерлердің ұзақ мерзімге тұрақты байланыс орнатуы, тиісінше олардың импорт алмастыру жолында жемісті ынтымақтастық жүргізуі мақсат тұтылуда.   

«Экспорттың қысқаруы, шикізат көздеріне мұқтаждықтың азаюы сынды өзекті дүниелер баршамызды алаңдататыны рас. Осы орайда, жыл сайын көктемде «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың жетекшілік етуімен өңірлерді аралап, жағдаймен жете танысу жақсы дәстүрге айналған. Сонда жергілікті іскер қауымды толғандыратыны сол, әлеуметті күнделікті жұмыспен, өндір іс ошақтарын барынша тапсырыспен қамтамасыз ету, өнімдерін өткізуге септесу. Ал біз, кәсіпкерлердің мұң-тілегін мүддесі мен құқығын қорғап, ұсыныстарын Ұлттық компанияларға жеткізуге тиіспіз. Мысалға, «Самұрық-Қазына» қорындағы сұраныстың 94 пайызы осы «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы» сияқты 8 ұйымға келеді екен. Бұрынғы уағдаластыққа сай, бір жарым жыл ішінде 1 мыңға жуық келісімшартқа отырсақ, ендігі меже – нақты әр тараппен екі жақты жұмыс тобын құрып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу. Жоғарыда келтірілген компаниялардың бүкілінің биылға сатып алуы өте қомақты қаржыны көрсетуде. Осы тұста Ұлттық кордан бөлінетін 1 триллион теңгені мүмкіндігінше кәсіпкерлерге үлестірсек, ел еңсесі де көтеріліп қалатыны анық. Импорт алмастыруда қажетті тауарларды бәсекеге қабілетті болатындай өзіміз өндіруге тырыссақ деген міндетті қоюдамыз. Өндірісін игеруде бизнесмендерді 4800 тауар аталымы күтіп тұр», - деп байыптады Абылай Мырзахметов.       

Естеріңізде болса, 2015 жылдың желтоқсан айында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы келісімге қол қойған болатын. ҰӘҚ еншілес компанияларымен келісімге қол қоюдың негізгі мақсаты – квазимемлекеттік секторда өткізілетін мемлекеттік сатып алулар тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін бизнеспен ынтымақтастықты жақсарту.

Ұлттық палатамен ынтымақтасуға ниетті екендіктерін «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ растады. Тараптар өндірушілер және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер арасында жылдық және ұзақ мерзімді шарттарды жасау, жоспарланған және өткізілетін сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларына мониторингті жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара әрекеттестікте болуға келісті.

«Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлермен жылдық және ұзақ мерзімді шарттар жасасу және мониторинг мәселелерімен жұмыс тобы айналысады.  

Үстіміздегі жылғы  31 наурыздағы жағдай бойынша отандық жеткізушілермен жасалған ұзақ мерзімді шарттар саны: 6,7 трлн теңге сомасына жасалынған 5537 шарт қолданыста; 983 млрд теңге сомасына жасалынған 1784 шарт 2015 жылы бекітілген; 410 млрд теңге сомасына жасалынған 955 шарт «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен бекітілген.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер