astana-view

Шебердің қолы

2016 жылғы 24 Мамыр
- Жетісу облысы
8036 просмотров

Алматы облысындағы Көксу және Ескелді аудандарының кәсіпкерлері оқушыларға арналған шеберлік сыныптарында жаңа кәсіптерді меңгеруге және алға ұмтылуға қорықпауға кеңес берді

«Зияткер ұрпақ» жобасы аясында аудандық филиалдардың директорлары мен өңір бизнесмендері 9-11 сынып оқушыларымен бизнесті жүргізудің негіздері, басқару тәжірибесі жайында әңгіме өткізді. Оған қоса, бизнесмендер рухани бай адам ретінде жетілудің маңыздылығын атап көрсетті. Олардың айтуынша, адалдық, парасаттылық іспетті жеке қасиеттер бизнесте табысқа жетудің басты факторларының бірі болып табылады.

Шеберлік сыныптары ауылды жерлердегі мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн, себебі жастардың дәл осы тобы толыққанды ақпаратқа зәру. Сондай-ақ, олар –  мектеп бітіруші сынып оқушылары, мамандық таңдау, болашаққа жоспар құру алдында тұр. Шынымен де, жастарға қазір кәсіптік бағдар жағынан көмек, орынды ақыл-кеңес пен ұсыныстар қажет.  

Сонымен, Балпық би ауылының мектебінде кәсіпкер Сабырбек Талумит шеберлік сыныбын өткізді. Кездесу «сұрақ-жауап» сипатында өтті.  «Сабырбек» ЖК басшысы жастарға өзінің бизнесті жүргізу тәжірибесі туралы айтып берді, осы істегі қиындықтар мен қуанышты оқиғалармен бөлісті. Оның айтуынша, әрбір жаңа істе өзіңе сенімді болып, істеген ісіңе сену қажет.

«Мен қазір  ұлттық тағамдар өндірісімен және ас-ауқат – құрт, талқан, қымыз, шұбат және басқаларды сатумен айналысамын. Біздің өнімдеріміз қазірдің өзінде бүкіл ауданда танымал болып үлгерді. Әрине, мемлекет қолдау көрсетті, грант ұтып алдым, бірақ бұл аз. Өйткені ең алдымен өз ісіңе, айналысып отырған тірлігіңе сенім керек. Егер сен бұл ісіңнен бірдеңе шығатынына сенімсіз болсаң, онда шынымен де ештеңе шықпайды. Тәуекел ете білуге үйрену керек. Бизнес дегеніміз – бұл тәуекел», – деді ол оқушыларға.

Сондай-ақ, филиал директоры Марат Бакиев оқушыларды Палата іске асырып отырған жобалармен таныстырды. «Әрбір адам болашақ мамандығын дұрыс таңдауы тиіс, өйткені практика көрсеткендей, ЖОО түлектерінің басым көпшілігі жұмысқа тұра алмайды. Көбінесе гуманитарлық саладағы дипломы бар жастарға жұмыс жоқтықтан жаңа кәсіп игеруге тура келеді. Бізде дуальды оқытудың Жол картасы бар, онда 18 колледж тіркелген. Осы оқу орындарына түсе отырып, сіздер тек теорияны оқып қана қоймай, сонымен бірге кәсіптік дағдыларды іс жүзінде меңгеретін боласыздар. Өндіріспен тығыз байланыс жұмысқа тұру мәселелерін шешуге де көмектеседі», – деп атап көрсетті М.Бакиев.

Екінші шеберлік сыныбы Қарабұлақ ауылында Ш.Уәлиханов атындағы мектепте болды. 350 оқушы Ескелді аудандық филиалының директоры және кәсіпкер Әбен Тайжановтың өмір тарихын тыңдады. Тәжірибелі басқарушы және табысты бизнесменнің ауданда ірі шаруа қожалығы бар, ол қызылша, соя, бидай өсіреді, мал бағады. Әбен Тайжановтың айтуынша, әр адам мүмкіндігінің жеткенінше жаңа кәсіптерді меңгеруге, өзін өзі дамытуға ұмтылуы тиіс.

«Америкалықтар тұрғылықты жерін орташа есеппен 7 рет ауыстырады екен, тиісінше, мамандығын да 5 рет өзгертеді. Сол себепті, осындай әлемдік тәжірибені, қазіргі экономикалық үрдістерді ескере отырып, біз жаңа жұмысшы мамандықтарын меңгеруге тиіспіз. Мысалы, Палатаның бизнес-тренерлері «Бизнес-кеңесші» жедел-курсын тегін өткізеді. Кез келген тілек білдіруші немесе тіпті жұмысы жүріп тұрған кәсіпкер осы жобаға қатыса алады, өзінің білімдері мен дағдыларын көтереді», – деді Ә.Тайжанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер