astana-view

Абылай Мырзахметов: «Іскерлік кеңес бизнестің ортақ мүддесіне қызмет етеді»

2016 жылғы 24 Мамыр
2424 просмотров

Қазақстандық тарап Еуразиялық экономикалық одақ әлеуетін барынша пайдалана отырып, отандық кәсіпкерлердің Ресей нарығына кеңінен шығуына күш салмақ

Астанадағы ЕАЭО Іскерлік кеңес Төралқасы отырысының бірінші бөлігін қорытындылауға арналған баспасөз-мәслихатында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Ұлттық палата мен Ресей өнеркәсіпшілері және кәсіпкерлері одағы арасында кәсіпкерлік саланы дамытуға қатысты бірқатар маңызды жайттардың келісілгенін жеткізді.

Бұл тұста әр облыс жағдайы жеке-дара қарастырылып, заңды түрде рұқсат етілген жағдайда, Қазақстан кәсіпкерлерінің ресейлік әріптестерімен тең дәрежеде көрші мемлекет аумағындағы тендерлерге қатысуын қамтамасыз ету көзделуде. Осы орайда нақты тәжірибе жүзінде шешімін таппаған мәселелер қолға алынбақ.

«Бүгін Іскерлік кеңестің екінші отырысы өткізіліп, оның пәрменін күшейту мақсатында атқарушы органды, Кеңес президентін сайладық. Бір айғы жұмыс жоспары жасалып, оны Одаққа мүше барлық 5 елдегі кәсіпкерлік қауымдастықтар бекітетін болады. Іскерлік кеңес бастамалары Еуразиялық экономикалық комиссиядан да қолдау тапты. Енді 19 қызмет тармағында сарапшылар жұмыс істеп, бизнес саласына қатысты өзекті мәселелерді түгел сараламақ. Іскерлік кеңес бизнестің ортақ мүддесіне қызмет етеді. Негізгі мақсат – ықпалдастық үдерісінің биік белесіне шығып, пайдасын көру. Алдағы уақытта машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика сияқты маңызды бағыттарда тың жобалар әзірленіп, жалпы талқылаудан өтеді. Іскерлік кеңес кәсіпкерлерге кедергі келтіретін кемшіліктерді жан-жақты тексеріп, таразылайды деп келістік. Сауда, инвестиция байланыстары қарапайым кәсіп иелеріне ыңғайлы болуға тиіс. Егер ықпалдастықтың алғашқы жылдары Одақ елдерінің бизнесмендері арасында бәсеке жүрсе, енді жағдай өзгеше. Бүгінде кооперация артықшылығын алға тарту қажет», - деді Абылай Мырзахметов.

Бұл мақсатта Қытайдан бастау алатын Жібек жолын, Иран нарығын Одақтағы мемлекеттер мүддесіне бейімдеу де назарда ұсталмақ.

Еске сала кетсек, 2015 жылы Қазақстан Республикасының мұрындық болуымен құрылған ЕАЭО құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения кіреді. 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер