astana-view

Студенттен білікті маман дайындау

2016 жылғы 27 Мамыр
- Ақтөбе облысы
7049 просмотров

Бұл Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының облыстағы кәсіпорындармен және политехникалық колледжбен бірлесе отырып қол қойған төрт жақты меморандум мақсаттарының бірі

Ақтөбе политехникалық колледжінде облыстағы жетекші кәсіпорын басшыларына арналған Ашық есік күні өтті. Осы орайда Ақтөбе политехникалық колледжі мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысындағы нысандарға арналған жұмысшы мамандарды кәсіби дайындауға бағытталған Қазақстандағы 10 колледждің қатарына енгізілгені аян.

Кәсіпорын өкілдері дуальды оқу жүйесі енгізілген жұмысшы мамандарды дайындау бағдарламасымен танысты. Оны білім беру мекемесінің басшылығы жұмыс берушілермен және Кәсіпкерлер палатасымен тізе қосқан райда жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Колледж басшылығы колледж бен өндіріс орнында өндірістік тәжірибені жаңа бағдарламамен өткізудің жоспарымен бөлісіп, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, жұмысшы мамандарды сапалы дайындауға ықпал ететін материалдық базамен таныстырды.

«Меморандумға қол қоя отырып, біз оқытудың дуальды жүйесімен білікті мамандар дайындау және кәсіпорынның кадрлық әлеуетін арттыруда ортақ жұмыстар атқармақпыз», – деді ӨКП басшысы Нұрлыбек Мұқанов.

«Бүгінде нарыққа шетелдік компаниялардың келіп, отандық компанияларды ығыстырап жатқанын байқап отырмыз. Бұдан ары қарай бәсекелестік күшейе түседі. Отандық кәсіпорындарды жандандыру үшін, сәйкесінше, жоғары заманауи деңгейде дайындалған мамандар қажет. Бұл білім беру мекемелері мен жұмыс берушілердің өзара әріптестігі нәтижесінде ғана мүмкін болмақ. Өйткені, бүгінгі таңда жұмыс беруші дуальды оқыту шеңберінде студенттің біліктілік сапасына тең  жауап береді», – деп ойын қорытындылады Нұрлыбек Мұқанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер