astana-view

Мәселенің әділ шешімі қажет

2016 жылғы 30 Мамыр
- Маңғыстау облысы
11694 просмотров

Өз құқын қорғау үшін Палатаға келіп түскен кәсіпкерлер шағымының жартысы жер қатынасына байланысты

Бұл туралы жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың, МЖӘ аймақтық орталығы, «Даму» қорының филиалы, бизнес-құрылымдар және мемлекеттік емес ұйым өкілдері қатысқан облыстық «Жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың кәсіпкерлермен ынтымақтастығы» форумында айтылды.

Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселе жөніндегі директоры Әмірғали Жанаев айтқандай, палатаға келіп түскен кәсіпкерлер арызының 47% жер мәселесіне тиесілі.

«Сараптама нәтижесі көрсеткендей, облыс кәсіпкерлері көп жағдайда жер мәселесіндегі құқықтық қарым-қатынасқа байланысты шағымдар 47% құрайды, мемлекеттік сатып алу 10%. Сонымен қатар, кәсіпкерлер, жер телімдерін беру рәсімдерінде әділетсіздік пен айқындылықтың болмауы орын алатындығын айтады», – дейді А.Жанаев.

Жанаевтың пікірінше, орын алып отырған жағдайлардың себебі, саудаға салу, байқау арқылы және аукционға қою сияқты жер бөліп беру кезінде ашықтық пен жариялылықтың болмауы.

Тұтастай алғанда, ӨКП өкілінің сөзінше, жыл басынан бері Палата сарапшылары түрлі деңгейдегі 265 шағым қараған. Оның ішіндегі 104 шағым оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, 25 әкімшілік кедергіні анықтады. Одан бөлек, палатаның көмегімен кәсіпкерлердің 404 миллион теңге көлеміндегі берешектері мен салықтық органдардың үстеме есептеулері жойылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлерді құқықтық қолдау жөніндегі Кеңесі жұмыс жасайды. Оның құрамына жергілікті және атқарушы орган өкілдері, бизнес-қауымдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар, заңгерлер, түрлі сала сарапшылары, БАҚ өкілдері кіреді. Кеңес кәсіпкерлер тарапынан болған ескертулер мен наразылықтарға қатысы бар мемлекеттік органдардың өкілдерін шақыра отырып мәселелерді өз уақытында қарастырады.

А.Жанаеваның сөзінше, Палата кәсіпкерлердің құқын қорғау мәселелері бойынша прокуратура органдарымен, облыстық төтенше жағдайлар департаментімен және облыс әкімдігімен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойды.

«Біз кәсіпкерлердің құқы мен мүддесін қорғау үшін барлық мемлекеттік органдармен, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін жүйелік мәселелер мен кедергілерді анықтауға, кәсіпкерлердің жолында кездесетін құқық бұзушылықтарды жоюға құрылатын ынтымақтастыққа дайынбыз», – деп атап өтті А.Жанаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер