astana-view

Заңгер тәжірибелі болса, іс те табысты

2016 жылғы 31 Мамыр
- Маңғыстау облысы
12756 просмотров

Азаматтық және шаруашылық құқықтар білімі ӨКП сарапшыларына сотта оң шешімге қол жеткізуге көмектеседі

Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жүзден астам өтініш келіп түсті, деп хабарлады брифингте Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Әмірғали Жанаев. Оның айтуынша, осының ішінде кәсіпкерлердің 11 өтініші оң шешімін тапқан, 55 өтініш бойынша консультативтік-түсіндірмелік жұмыс жүргізілген, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қарауында 20 өтініш жатыр, ал қаралу сатысында – 15 өтініш бар.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Назгүл Таубаева өтініштерді қараудың бір жағымды мысалы жайында айтып берді.

«Бізге жеке кәсіпкер Қылдыбике Тасмағанбетова келіп, Маңғыстау облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментіне наразылығын білдірді. Департамент салық қызметінен алынған ақпарат негізінде әлеуметтік аударымдар кәсіпкердің мәлімделген кіріс сомасының мөлшеріне сәйкес келмейді-міс деген себеппен кәсіпкер әйелге жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуден бас тартқан. Жағдаяттың басын аша келе, біз салық қызметінің ақпараты шындыққа сай еместігін анықтадық. Қ.Тасмағанбетова әлеуметтік аударымдарды қажетті сомада дұрыс төлеп отырған. Соның нәтижесінде Палатаның және облыстық прокуратураның бірлескен іс-қимылымен оған жүктілігі мен босануы бойынша 543 323 теңге көлеміндегі жәрдемақы төленді», – деп баяндады ӨКП өкілі.

Бизнесменнің құқығын қорғаудың тағы бір мысалын Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Асқат Байболатов келтірді. Жеке кәсіпкер Бекболат Сидағалиев Палатадан Ақтау қаласы әкімдігі қала құрылысы кеңесінің электр жарықтандырушы тауарларды сатып өткізетін дүкен құрылысына арналған эскиздік жобаны бекітуден бас тартуына шағым түсіруді өтінді. Қала құрылысы кеңесі өзінің бас тартуын жер учаскесі ортақ пайдаланудан шығарылмағанымен негіздеді.  

«Кәсіпкерлер палатасы мен Ақтау қалалық прокуратурасының бірлескен тексеруі кезінде аталмыш жер учаскесін сол әкімдіктің өзі 2011 жылы-ақ ортақ пайдаланудан шығарғаны анықталды, бұл туралы кеңес мүшелері білмеген. Ақыры қала құрылысы кеңесі аталмыш жобаға келісім беруге мәжбүр болды, яғни біздің прокуратурамен өзара әрекет етуіміздің арқасында даулы мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді», – деп атап көрсетті Асқат Байболатов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары көп жағдайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кезінде талапкерлердің мүддесін сотта Палата сарапшылары қорғайтынын ерекше атап айтты.

«Азаматтық және шаруашылық құқықтарын терең білудің нәтижесінде, іс материалдарын мұқият зерттеу арқылы біздің заңгерлер сотта оң шешімдерге қол жеткізуде. Соның нәтижесінде биылғы жылдың бес айында біз кәсіпкерлердің құқықтарын материалдық түрде жалпы сомасы 37 миллионнан астам теңгеге қорғап қалдық», – деп түйіндеді брифингті А.Жанаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер