Шағын несиенің ширек бөлігі игерілді
Бүгінде шағын несиелеу үдерісіне кәсіпкер әйелдер де белсене атсалысуда. Арнайы бағдарлама аясында қарастырылған қажетті қаржының ширек бөлігі игеріліп үлгерген.
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Астанада өткен Іскер әйелдер кеңесінің ІІ конгресінде мәлімдеді.
««Атамекен» әрі қарай да әйелдердің бизнес-бастамаларын ұлттық масштабта барынша дамытуға қолдау көрсетуге ниетті. Әйелдер кәсіпкерлігіне бұдан да үлкен назар аудару қажет екендігіне сенімдімін, мысалы, жеңіл өнеркәсіпте, қызмет көрсету, туризм, қоғамдық тамақтандыру салаларында. Қазір «Атамекенге» қалалар мен облыстардан түсіп жатқан ұсыныстар жобалардың пакетіне кіргізілетін болады, оларды ҰКП басшылары барлық деңгейде, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарда талқылайды. Шағын несиелер – бұл да әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы.
Жалпы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі өңірлердегі әйелдердің бизнес-бастамаларына тың серпіліс беруде. Төрт миллионнан астам қазақстандық әйел өзін-өзі жұмыспен қамтыған болып саналады. Оған қоса, әйел кәсіпкерлер қаржылық, несиелік және салықтық тәртіптің жоғары деңгейін көрсетуде.
Осылай ой толғаған Абылай Мырзахметов содан соң салтанатты жағдайдағы марапаттау рәсімінде Ұлттық палатаның өз ісіне адал жандарға берілетін үшінші дәрежелі медалін Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметоваға, Павлодар өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаеваға, Атырау өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Өнерпаз» ЖШС директоры Әлия Бекқожиеваға, Маңғыстау өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салықоваға және тағы басқа да іскерлігімен көзге түскен аруларға табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Еске сала кетсек, бүгінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қызылорда мен Алматы және Ақтөбе облыстарындағы шағын кәсіп иелерін несиелеуді қарқынды жүргізуде. Мысалға, қазіргі уақытта, Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдік 300 млн теңгеден 600 млн теңгелік қаржы көлемін қалыптастырған. Ақтөбе бойынша мұндай соманы Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры тағы 300 млн теңгемен толықтырып, 900 млн теңгеге жеткізуде. Қос облыстағы кәсіпкерлер 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 4,5 жылдық мерзімге 500 мыңнан 17 мыңға жуық теңгеге дейінгі деңгейде несие ала алмақ. Қызылорда облысында «Атамекеннің» 300 млн теңгесінен бөлек, әкімдік 360 млн теңге бөлуде. 15 млн теңгеге дейінгі несие 7% сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі уақыт аралығына табысталмақ. Мақсат – ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, өндірісті қосымша ынталандыру жолында тиімді жүйе құру, кәсібін енді бастаған бизнесмендерге қол ұшын созу.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: