astana-view

Барлық мамандық маңызды

2016 жылғы 02 Маусым
- Қызылорда облысы
14053 просмотров

Қызылордада халықаралық «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының өңірлік кезеңі өтті

Қазақстан 2014 жылдан бері «WorldSkills International» халықаралық қозғалысының мүшесі болып табылады. Ал, өткен жылдан бері халықаралық чемпионатқа  ұлттық құрама бірінші рет қатысып отыр.

Бұл қозғалыстың негізгі мақсаты – кәсіби дайындық стандарттарын және әлем бойынша біліктілікті көтеру. Жұмысшы мамандығын халықаралық жарыстарды бүкіл әлемде өткізу арқылы дәріптеу. «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатына жыл сайын әлем бойынша 70-тен астам мемлекет өкілдері қатысады.

Арал өңірінен байқаудың республикалық кезеңіне 8 мамандық таңдап алынды: аспаз, қалаушы, дәнекерлеуші, электр монтажшы, дизайнер, шаштараз, тәрбиеші және ақпараттық технологиялар.

Дәлірек айтқанда, Қызылорда облысының намысын республикалық кезеңде қорғайтындар:

– «Дәнекерлеу өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін бітіруші, жас жұмысшы Жарылқасын Арыстанбеков;

– «Аспаз» мамандығы бойынша Қызылорда индустриялық-техникалық колледжінің студенті Ботакөз Мамбетиярова;

– «Қалаушы» мамандығы бойынша Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің студент Жақсыбай Онталап;

– «Электромонтаждық жұмыстар» мамандығы бойынша Қызылорда инженерлік-техникалық колледжінің студенті Ақбота Сейдалиева;

– «Ақпараттық технологияларды басқару» мамандығы бойынша Қазақ гуманитарлық-техникалық, құқық колледжінің студенті Сәкен Сейілханов;

– «Киім дизайнері» мамандығы бойынша Қызылорда индустриялық-техникалық колледжінің студенті Оразкүл Жұрағат;

– «Шаштараз ісі» мамандығы бойынша «Мунтик» сұлулық салонының қызметкері, «Болашақ» колледжінің түлегі Меруерт Ділмағанбетова;

– «Мектепке дейінгі білім» мамандығы бойынша Қызылорда гуманитарлық колледжі студенті Қаламқас Болатбек.

Іс-шараны өткізуге Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі, «К-GROUP LTD» компаниясының Басқарма Төрағасы Қайрат Боранбаев демеушілік етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер