astana-view

Етікшіні балға мен бізі асырайды

2016 жылғы 06 Маусым
- Қостанай облысы
10866 просмотров

«Етікшілік көп еңбектенуді талап ететін мамандық болғандықтан, тұрмыстан тарықтырмайды»

Бұл он бес жылдық еңбек өтілі бар аяқ киім тігу шебері, әрі Қарасу ауданының жеке кәсіпкері атанып үлгерген Жолдыбай Осуповтің пікірі.

Ол бизнесмен мәртебесіне енді ғана бой үйретуде, өйткені аяқ киім жөндеуге арналған жеке шеберханасын бір ай бұрын ғана ашқан-ды. Бұған дейін сервис жағы соншалық керемет болмаған еді. Жолдыбайға ауылдастары телефон шалу арқылы тапсырыс беретін, содан кейін ол қоңырау келіп түскен үйлерді аралай жүріп, бүлінген аяқ киімдерді үйіне жинап келетін. Аяқ киімдерді жөндеуге барын салады: жамайды, тігеді, желімдейді, бір сөзбен айтқанда, өз бетімен үйреніп алған, әрі жылдар бойы шыңдалған әдістердің бәрін қолданады.

Үй жағдайында жұмыс істейтін шебердің клиенттері жетерлік. Әсіресе, көктем мен күзде. Оның бұл таланты аудандық әкімдікке де, Кәсіпкерлер палатасына да мәлім болатын. Қарасуда Кеңес үкіметі тарағаннан бері аяқ киім жөндейтін бір де бір шеберхана болмағандықтан, Жолдыбайға осы олқылықтың орнын толтыруға ұсыныс жасалды. Ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш білдіріп, 660 мың теңгедей қаражатқа ие болды. Оны тігін машинасы сияқты қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсапты.

«Қазір дүкен ғимаратынан бір бөлмені жалға алып отырмын. Адам көп жүреді, ал төлем 10 мың теңге. Артықшылықтар көп. Енді клиенттерге өзім бармаймын, олар маған келеді. Бұдан ел аяғы азайған жоқ, елдер жаңа шеберхана барын біліп алған, күніне 5-6 адамнан келеді. Табыс жыл он екі ай бойы түсіп тұратын мамандық», – дейді Жолдыбай Осупов.

Бизнесін жаңа бастаушы Жолдыбай мамандардың көмегінсіз жаңа істі дөңгелету мүмкін емес екенін мойындайды. Бухгалтерлік және салықтық есеп-қисапты Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары жасап береді. Сонда кәсіпкердің кез келген сұрақтарына жауап беріп, процесті жеңілдете түседі. «Мен қағаз жұмыстарға басымды қатырмаймын, өз жұмысымды атқарамын. Уақыт өте келе, әрине, барлық қыр-сырын меңгеріп алам», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлер палатасының филиалында осы жылдың басынан бастап Қарасу ауданының тұрғындарына 300-ден астам тегін бизнес-кеңестер берілген. Ал облыс бойынша барлығы 6 мыңдай адам кеңес алған. Нәтиже ретінде 220 адам жеке ісін ашып немесе бұрыннан бар бизнесін кеңейтіп үлгерді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер