astana-view

Ғани Тасмағанбетов: «Жыл өткен сайын жеке кәсіпкерлер саны көбеюде»

2016 жылғы 08 Маусым
3449 просмотров

Жыл басындағы көрсеткіш бойынша елордада заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатары 108 146-ға жетті

Еліміздің бас қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға, жеке кәсіпкерлік мәселелерін реттеуге ерекше назар аударылып келе жатқаны белгілі. Бір ғана мысал, үш жылда Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары 700-ден астам түйткілді мәселені қарастырып, оның 324-і оң шешімін тапқан, 3 миллиард теңгеден астам сомаға кәсіпкерлер құқығы қорғалған.

Елордамызда сауда, қызмет көрсету, өндіріс пен құрылыс салалары өркендеп, нәтижесінде жыл сайын кәсіпорындар саны көбеюде. Мәселен, жыл басындағы көрсеткіш бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатары 108146-ға жетті.

Бұл туралы Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов мәлімдеді.

- Қарамағыңыздағы Палата ұжымы Астананың бизнес-климатын жақсартуда қандай жұмыстар атқаруда?

- Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері түрлі алаңдарда бизнес саласы өкілі ретінде қалалық ең маңызды 21 кеңеске мүше болдық. Олардың қатарында прокуратурадағы кеңес, Жер мәселелері бойынша кеңес, Өңірлік үйлестіру кеңесі, салық жинау бойынша және басқалары бар. Биыл Қоғамдық кеңеске мүше атандық.Елордалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау аясында тиімді жұмыс атқарылуы үшін және кәсіпкерліктің проблемаларын әлеуметке жеткізу мақсатында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының шеңберінде 2013 желтоқсан айында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі құрылды. Оның құрамында прокуратура, мемлекеттік қызмет пен жемқорлықпен күресу агенттігінің департаменті, бизнес қауымдастықтарының өкілдері және заңгерлер бар. Аталған кеңестің отырыстарында заңнамадағы жүйелік кедергілер мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қорғау бойынша өзекті мәселелер талқыланады.

Кәсіпкерлер құқығын қорғауда әкімшілік кедергілерді қысқарту біз үшін басым бағыт болып саналады. Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің 15 отырысы өткізілді. Оларда 28 түйткіл оң шешімін тапты.

- «1000 сауда орны» жобасы туралы айта кетсеңіз?

- 2015 жылы Астана қаласының әкімдігі көшедегі саудаға тек 3 түрлі өнім бойынша 276 орын ғана белгілеген. Оған кәсіпкерлер шағымдана бастады. Мәселенің маңызын ескере отырып, көшедегі сауда түрлері мен орындарын көбейту бойынша Палата жолдаған ұсыныс әкімдік тарапынан қабылданды. Орындарды үйлестіру жөнінде көшедегі және саябақтардағы сауданы реттейтін екі қомиссия бекітілді. Комиссия Палатаның қатысуымен бекітілген тәртіп бойынша сауда орындарын үйлестіреді. Арыз беру үшін аз ғана құжаттар легі қажет. Өткен жылдары сауда орындары 1 жылдық мерзімге жалға берілсе, қазір 7 жылға тапсырылады. Бұл уақыт аралығы кәсіпкерлерге инвестиция кұюға мүмкіндікті арттырады. Жалға беру құны тек әкімшілік шығындарды жабатындай көлемде айқындалған.

Сонымен қатар, өткен жылға дейін Астанада бос жер телімдері туралы ақпарат алуда қиындықтар туындаған болатын. Бұл жайт құрылыспен айналысамын деген инвесторлар үшін кедергі екені анық. Кәсіпкерлер палатасының күш салуымен www.saulet.astana.kz сайтында интерактивті карта орнатылды. Бұл картада жалпы жоспар мен аукционға шығарылатын жер телімдері туралы ақпарат жарияланған. Ағымдағы жылы Палата бұл картаға инженерлік желілерді қосуға талпынады.

- «ЭКСПО-2017» көремесіне дайындық шеңберінде туризм нысандарын әлемдік деңгейге жеткізу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- 2015 жылда Палата Астана қаласының әкімдігі, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ және «Астана Конвенш Бюро» ЖШС-мен бірлесіп, «Recommended by EXPO-2017» атты Астана қаласының әріптестік бағдарламасын іске қосуға бастамашылық жасады. Бағдарлама нысандарды бағалауды және әріптестік дәрежелер бойынша топтастыруды қарастырады.

2015 жылдың 15 қазан айынан бастап жұмыс тобы 30-дан астам кәсіпорын бойынша бағалау жүргізді. Қызмет көрсету деңгейін жоғарылату жөнінде ұсыныстар берілді.

- Жас әрі бизнесін енді бастаған кәсіпкерлер қандай көмекке қол жеткізе алады?

- Бізде Кәсіпкерлер палатасы қатысуымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл жерде есеп-қисап, құқықтық, маркетинг (бизнес-жоспар жазу), менеджмент, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және басқа салалар бойынша тегін қеңес пен қызметтер тек қана кәсібін дөңгелетіп жүргендерге ғана емес, солармен қатар бизнесін енді бастаймын дегендерге де беріледі. Сервистік қолдау шеңберінде Астана қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 2324 клиентке жалпы 3700-ден астам қызмет көрсетілді. Кәсіпкерлердің салықтық, құқықтық және кәсіби білім мен біліктіліктерін көтеру мақсатында «Бизнес-мектеп» жобасы іске асырылуда. Мұнда оқу бірнеше сатыдан тұрады: «Бизнес-кеңесші» - бастауыш кәсіпкерлерге арналған. Кейін «Бизнес - өсу» курсында функционалдық бағыт бойынша оқу жалғастырылады. Үшінші саты – ол жоспарлы оқыту. Мұнда жас кәсіпкерге бірнеше жоба ұсынылып, оны іске асыру бойынша кеңестер беріледі. Сондай-ақ, биыл елордада қала әкімдігі мен «Даму» қоры бірігіп, жаңа бағдарламаны іске асырмақ. Жалпы көлемі 2 млрд теңгені құрайтын мұндай жас кәсіпкерлерді қаржыландыру құралы бүгінде тек Астанада бар. Аталған қаражат банктер арқылы әр түрлі саладағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Жобаларды комиссия таңдайды. Бұған Палата да қатыспақшы. Сұраныс аса жоғары болар деп үміттенеміз, себебі жас кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолдары жетпейді, көпшіліктің қиындықтары осы. Банктер стартаптарға аса қолдау көрсетпеуде, олар көбінесе кәсібі мен табысы және меншікті мүлкі бар кәсіпорындарды қаржыландыруда. Ал бұл бағдарлама бойынша бір жобаға 50 млн теңгеге  дейін 7,9% мөлшерлемемен 7 жылға дейін несие алу мүмкін жағдай.

- Кәсіпкерлер палатасы әйел кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетуде?

- 1 маусым күні «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің екінші Конгресі өтті. Сонда атқарылған іс-шаралардың нәтижелері айтылды. Бүгінде Қазақстан әйелдері еліміздің ішкі өнімінің 40 пайызын қалыптастыруда. Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінде 20-дан астам мүше бар. Олардың серіктестігімен тәжирибе бөлісу және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында түрлі тренингтер, семинарлар өтеді. Бір жыл ішінде нақты нәтижелерге жеттік. Мысалы, елордамызда отандық тауарлар сататын «УниверMAG.kz» дүкені ашылды.

- Елордалық кәсіпкерлер палатасы шетелдік кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнатуға бейім бе?

- Палатамыз Сыртқы сауда палатасымен бірігіп, отандық және шетелдік кәсіпкерлер арасында сұхбат алаңдарың ұйымдастыруда. Біздің кәсіпкерлер үнемі екі жақты кездесулер мен форумдарға қатысуда.

Инвестиция тарту мен елордамыздың мүмкіндіктерін көрсету бойынша жұмыс атқарылуда. Елордалық жобалар шетелдік ресурстарда орналасқан. Сонымен қатар, жергілікті елшіліктермен тығыз қарым-қатынастамыз.

- Отандық тауар өндірушілер қаншалықты қолдауды сезуде?

- Өткен жылдан бері «Атамекен» ҰКП «Үздік тауар» мен «Алтын сапа» байқауларын өткізуде. «Алтын сапа» жүлдесі жыл сайын тауар немесе қызмет көрсету, олардың қауыпсіздігін қамтамассыз ету және де жоғары тиімді сапаны басқару саласында жетістіктер үшін беріледі.

Конкурсқа отандық әр-түрлі меншікті тауар өндірушілер мен қызмет көрсететін компаниялар қатыса алады. Мұндай конкурстар нарығымыздағы тауар мен қызметтердің сапа арттыруына оң ықпалын тигізеді.

2016 жылы Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігі бірігіп, отандық үлесті бақылау комиссиясын құрды. Бүгінгі күнгі мемлекеттік сатып алулар сомасы 152 млрд теңге құрайды.

19 мамыр күні отандық өндірушілерді қолдау мақсатында «Атамекен» ҰКП «Самұрық-Қазына» қорының ірі компанияларымен меморандумға қол қойғаны аян.

- Бүгінде қазақстандық бизнестің кадрларға сұранысы қандай? Сұранысқа ие мамандарды дайындау мәселесі қалай шешілуде?

- Кәсіпорынның даму шарттарының бірі адами капиталдың кәсіби әлеуеті. Қазақстандық бизнеске қызмет көрсету мен техникалық салаларда сапалы кадрлар қажет. Соңғы жылдары Астанада техникалық кадрларға мұқтаж сезілді. Бұл білім ордалары мен өндіріс арасындағы қарым-қатынасының әлсірегенінен туындаған жайт. Оған қоса, заңнаманың кейбір ақаулары да бар. Мысалы, баршаға ортақ дуалды білім беру тетігі жоқ. Білім саласында шыққан бұйрық өндіріс иелеріне орындауға міндетке жатпайды.

Биыл Кәсіпкер палатасының қатысуымен 17 колледж бен 27 кәсіпорын және Білім басқармасы арасында 4 жақты келісімшарттарға қол қойылды: 1141 студент 19 мамандық бойынша оқытылады. Палата кәсіпорындардағы кадрлар қажеттілігін сауалнама арқылы анықтап, ол мағлұмат 5 мамыр күні өткен мемлекеттік білім сұранысын анықтау кезінде қолданылды. Нәтижесінде 2016 жылға коллеждер арасында 4000 грант үлестірілді.

Қазіргі таңда Палата сауда-экономикалық колледжі мен құрылыс-техникалық колледж негіздерінде ресурстық орталықтар ашқан. Мұнда кассир, жиһаз шебері, слесарь-сантехник тәрізді мамандықтардың қыр-сырына үйретеді. Үстіміздегі жылы техникалық колледж бен бірқатар кәсіпорындар негізінде қосымша ресурстық және оқыту орталықтарын ашпақпыз. Бұл орталықтарды және де «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қосатын ойымыз бар.


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер