astana-view

Кедергілерді жұмыла жеңген жөн

2016 жылғы 10 Маусым
- Қостанай облысы
8991 просмотров

Өңірдегі бизнес-ортаны жетілдіру үшін кәсіпкерлердің белсенділігі аса маңызды

Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов осындай пікір айтты.

Оның айтуынша, Палата сарапшылары бизнестегі кедергілердің алдын алу мақсатында тұрақты түрде нормативті құқықтық актілер сараптамасын өткізеді. Барлығы 300 құжат қаралып, олардың 27-і бойынша ескертпелер айтылған. Бұл ескертпелерді мемлекеттік органдар назарға алған.

«Мемлекеттік қызметтерге қоғамдық бақылау жүргізу кезінде анықталған қызмет көрсету мерзімдерінің орындалмауы, стандартта қарастырылмаған құжаттарды талап ету, құжаттарды қабылдау режимін қысқарту секілді кедергілер жойылды. Қостанайдың жарнама бизнесінде туындаған проблемалар шешілді. Олар көп уақыт бойы қалалық әкімдіктің «мораторийі» салдарынан билбордтар орналастыратын жер телімдерін ала алмай жүрген болатын. Мұндай кедергілерді жоюға кәсіпкерлердің атсалысуы маңызды. Олардың қызығушылық танытуы, белсенді ұстанымы арқылы ғана өңірдегі іскерлік климатты жақсартуға мүмкіндік бар», – деп мәлімдеді Мұрат Әбенов. 

Тұтастай алғанда, жұмыс барысында 70 әкімшілік кедергі анықталып, олардың 17-сі ҰКП республикалық реестрге енген. Бұлар елдің бірқатар облыстарында өзекті болып отырған жүйелі проблемалар.

«Агроөнеркәсіптік кешеннің жүйелі проблемалары тұрақты бақылауға алынған. Нақтылар болсақ, біздің алаңда аграрийлер ауылшаруашылық кооперативтер қатысушыларына арнап арнайы салықтық режимнің қарастырылмауы мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Сондай-ақ, АӨК-ге кіру кезінде мүлікті оның меншігінен шеттету мәселесі де қозғалған. Біз бұл ұсыныстардың барлығын қарап, Салықтық кодекс пен ауылшаруашылық кооперативтер туралы заңға өзгерістер енгізу үшін ҰКП-ға жолдадық. Біз ешбір мәселені соңына дейін шешпейінше бақылаудан шығармаймыз», – деді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының басшысы. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер