astana-view

200 миллион теңгенің келісімшарттарына қол қойылды

2016 жылғы 10 Маусым
2700 просмотров

Таяуда отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатындағы сатып алулар саласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрған жұмыс комиссиясының бірінде әуе көлігіндегі тасымал жайы қаралды.

Нәтижесінде қазақстандық квазимемлекеттік сектор өкілі саналатын «ALAB Industries» ЖШС «Самұрық-Қазына» АҚ, Астана мен Ақтөбе қалаларының халықаралық әуежайлары тараптарымен, «Астана Тазалық» кәсіпорнымен 200 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарттарға қол қойды.  

Өз бәсекелестері қатарында әлемдегі үздік отыздықтың сапына енген «ALAB Industries» компаниясы Қазақстан Республикасы аумағындағы авиация мұқтаждығы үшін арнайы сұйықтықтар мен көктайғаққа және мұз қатуға қарсы түйіршіктелген реагент шығарумен айналысады.

«Былтыр басталған бұл тың өндірісті СТ-KZ сипатындағы тауардың шығу тегін анықтайтын сертификатпен куәландырдық. Қазіргі уақытта ұшу аппараттарына арналған тиісті туындыны әзірлеп үлгердік. Аталған өнім Канададағы АMIL, Америка құрама штаттарындағы SMI зертханаларында сынақтан өтіп, оң қорытынды берілді. Біз дайындаған экологиялық тұрғыда таза, Инвестиция және даму министрлігінің химиялық қауіпсіздік құжаты бар реагенттер халықаралық стандарттар талабына сәйкес келеді. Жобаны жүзеге асыру үшін финляндиялық және голландиялық компаниялар мамандарды тартылып, ұшып-қону жолақтарын өңдеудегі алдыңғы қатарлы озық технологиялар қолданылды. Импорт алмастыру әрі экспортқа жіберу мәселесінде реагентті Қырғызстанның Манас, Ресейдегі Толмачево, Украинаның астанасы Киевтің Борисполь әуежайларына жеткізу жайында келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде Астана мен Ақтөбе әуежай бекеттеріндегі құбылмалы ауа райында кәдеге жараудағы өнімімізбен барлық елдегі әуе нысандарын қамтамасыз ете аламыз», - дейді «ALAB Industries» ЖШС директоры Аида Қасымова.

Компания үнемі «Атамекен» ҰКП демеуін сезініп, ықтимал сатып алушылар туралы жедел ақпаратпен, мониторинг деректерімен қамтылып, Палата сарапшыларының кеңесін алуда. Осындай қызмет барысында химия, авиация, жол құрылысы мен пайдалану бағыттарында жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнаған. 

Еске сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-қазына» қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев отандық тауар өндірушілерді қолдауда өзара әрекеттестік жөнінде келісімге отырды. Ұқсас уағдаластыққа ағымдағы жылдың 19 мамырында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен Қор құрамындағы 8 Ұлттық компания басшылары арасында қол қойылды.

Бүгінде жұмыс комиссиялары отырыстарына 701 отандық кәсіпкер қатысып, 180,3 млн теңгенің шарты дүниеге келді. Әсіресе, мемлекеттік сатып алуларды қарастыруда, Алматы мен Астана қалалары және Павлодар, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы аймақтық жұмыс комиссиялары белсенділігімен көзге түсуде. Ұлттық палата алаңында «Самұрық-Қазына» қоры мен отандық кәсіп иелері апта сайын кездесіп, ұзақ мерзімді шарттарды бекіту мүмкіндігі таразылануда. 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер