astana-view

Басты бағыт – бизнесті дамыту

2016 жылғы 10 Маусым
- Шымкент қаласы
9000 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында екі жарым жылғы қызметтің қорытындылары шығарылды

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров күнделікті тынымсыз жұмыстың арқасында кәсіпкерлер Палатаның төңірегіне ұйыса бастағанын және кәсіпкерліктің дамуына байланысты ауқымды мәселелерді көтере бастағанын айтты. «Біздің міндетіміз – осы проблемаларды барынша жүйелендіру және оларды заңнамалық және жергілікті деңгейлерде шешудің жолдарын табу», – деп атап өтті ол.

Жалпы, өткен екі жарым жыл ішінде Палата бизнесті дамытуда жасанды кедергілерді алып тастауға мүмкіндік беретін және оны одан әрі дамытуға жағдай жасайтын бірқатар міндеттерді іске асыруға қол жеткізді. ОҚО Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес табысты жұмыс істеуде, оған облыстың көрнекті қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және өңірдің беделді заңгерлері кірген.

Палата қызмет еткелі бері кәсіпкерлерден 100-ден астам ресми өтініш келіп түсті, олардың 70%-ы солардың пайдасына шешілді, бұл бизнесмендерге 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге көмектесті. Бұл сома негізсіз салықтарды, айыппұлдар мен өсімақыларды төлеуге кетпей, кәсіпкерлердің қалтасында қалды және бизнесті одан әрі дамытуға жұмсалды.

Заңбұзушылық деректеріне жылдам әрекет ету үшін «Бизнеске арналған жедел жәрдем» жобасы іске қосылды. Енді кез келген кәсіпкер, мейлі ол Шымкентте не болмаса ОҚО-ның қандай да бір алыс ауданында отырсын, колл-орталыққа қоңырау соғып, жедел кеңес ала алады.

«Кейде біздің мамандар туындаған проблеманы шешу үшін жергілікті жерлерге шығады, ал кейбір кезде шенеуніктермен телефон арқылы сөйлесудің өзі жеткілікті. Негізсіз айыппұлдарға қатысты шағымдарға орай мемлекеттік орган өкілімен телефонмен сөйлескен соң және біздің келіссөздерден кейін жағдаят айқындалып, айыппұлдардың күші жойылған жағдайлар да болды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер ақшаны да, уақытты да үнемдеді», – деді директор.

Аталмыш саладағы тағы бір тиімді құрал – мемлекеттік органдармен және табиғи монополиялар субъектілерімен байланыс жасайтын топтар. Нақты мамандармен тікелей жұмыс істеу бизнеске тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, құзырлы органдармен арадағы ұзақ хат жазысулардан құтқарады. Мемлекеттік ұйымдармен арадағы 11 байланыс тобының жұмысының арқасында 396 өтініш шешімін тапты, «Бизнеске арналған жедел жәрдем» жобасының аясында – 100 өтініш кәсіпкерлік субъектілерінің пайдасына шешілді.

Заңды мүдделер мен құқықтарды қорғау Палата заңгерлерінің кәсіпкерді тікелей сүйемелдеуімен де, сондай-ақ ОҚО прокуратура органдарымен тығыз іс-қимыл арқылы да жүзеге асырылады.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы өзінің екі жарым жылдық қызметі барысында тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер сапасының тиімді салалық стандарттарын әзірлеу үшін салалық бизнес-қауымдастықтар құру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытудағы жүйелік проблемаларды жинау және талдау жұмысын жүргізеді. Бір жыл қорытындысы бойынша жүргізілген талдаудың жинақталған нәтижелері Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің ахуалы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама құрамында  Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізіледі.

Жалпы, Палата директоры әкімшілік кедергілердің 2 түрін атап өтті:

  1. Нормативтік-құқықтық актілер мен заңдар деңгейіндегі әкімшілік кедергілер. Бұл жағдайда қолданыстағы ережелер, регламенттер мен заңдар бизнестің дамуына нұқсан келтіреді.
  2. Мемлекеттік органдар мен жекелеген мемлекеттік қызметкерлер деңгейінде пайда болатын әкімшілік кедергілер.

Бірінші бағыт бойынша қазіргі уақытта ОҚО Кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүддесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер жобаларына жүйелі сараптама жүргізу үстінде.  Барлық жобалар Палатаның салалық комитеттерімен және бизнес-қауымдастықтармен белсенді түрде талқыланады, және де содан кейін ғана Палата осы нормативтік актіні әзірлеген мемлекеттік органға сарапшылық оң шешім береді. Бүгінгі күні ОҚО КП бастамасымен ҚР-ның бірқатар заңдары мен нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізілді. Айталық, ҚР «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңына өзгертулер енгізілді, ол барлық монополистерді бүкіл инженерлік тораптар бойынша ашық және қолжетімді электронды карталар құруға міндеттейді, жай сөзбен айтқанда, монополист өзінің бүкіл инженерлік тораптарын ашып қоюға міндетті және қай жерде еркін қуаттар бар, ал қай жерде желі шамадан тыс жұмыс істейді, осыларды көрсетуі тиіс. Бұл бизнеске олардың тораптарына қосылу үшін шынайы ақпарат алуына көмектеседі. Жалпы алғанда, ОҚО КП бизнестің түрлі салаларын реттейтін қолданыстағы заңдар мен ережелерге түзетулер енгізу бойынша ҚР-ның орталық мемлекеттік органдарына 140 ұсыным жасап, бастамашылдық танытты.

Екінші бағыт бойынша Палата прокуратурамен бірлесіп әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында кәсіпкерлердің рұқсатнамалық рәсімдерді және мемлекеттік қызметтерді алуындағы барлық проблемалық учаскелерді талдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Талдау көрсеткендей, бизнес үшін негізгі кедергілер жер пайдалану және бизнес-нысандар салу құқықтарын алу кезінде пайда болады. Мысалы, өткен жылы ОҚО-ның 14 ауданында прокуратурамен бірлесіп тексеру барысында жер пайдалану құқықтарын алужәне құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзушылықтың 3000-нан астам фактісі анықталды. Тексерулер мен мониторинг қорытындысы бойынша бүкіл бұзушылықтар жинақталып, ҚР ҰКП-на және мемлекеттк ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар жолданды.

Асқар Әбубәкіров атап өткендей, 2015 жылдан бері «Атамекен» ҚР ҰКП-на қаржылық емес қолдау операторы функциясы берілген болатын, оның ішінде кәсіпкерлерді сервистік қолдау, сондай-ақ оларға «Бизнестің жол картасы – 2020» Бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында бизнесті ашу және жүргізу жөніндегі консалтингтік қызметтер көрсету бар.

Сонымен, 2015-2016 жылдары8 577 адамға 22 510 консультация көрсетілген. Жобаларды сүйемелдеудің нәтижесінде екінші деңгейлі банктер, микронесиелеу ұйымдары және т.б. арқылы 5,8 млрд. теңге сомасына 1 043 жоба қаржыландырылған.

Өткен жылы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын әзірлеу жөніндегі зерттеулерді аяқтады. ҚР кәсіпкерлеріне, әлеуетті инвесторларға және т.б. арналған Интернет-портал құрылды және ол ҚР-ның интерактивтік картасындағы зерттеулердің нәтижелерін ашық әрі көрнекі түрде көрсетеді (www.businessmap.kz).

Қазіргі таңда сарапшылық комиссияның қарауы үшін  ОҚО жобаларын іріктеу және Карта аясында сүйемелдеу және әлеуетті инвесторлар іздестіруді одан әрі жалғастыру жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні Инвестициялардың рентабельділігін зерттеу агенттігіне (АИРИ) облыстан жалпы сомасы 39 млрд. 445 теңге болатын 19 жоба іріктеуден өтті.

А.Әбубәкіров кәсіпорындардың өздері оқытуға, болашақ кадрларды дайындау үшін оқу орталықтарын өздерінде ашуға дайын екендіктерін білдіріп, оқитын адамдарға болашақ жұмыс орнында енгізілген жаңа технологияларды меңгеру мүмкіндігін ұсынатын жаңа үрдіс пайда болғанын айтты. Сол арқылы саланың мұқтаждықтары мен оқу орындары түлектерінің өндірістегі жұмысқа дайындық деңгейі арасындағы, басқаша айтқанда, білім беру және кәсіптік стандарттар арасындағы алшақтық проблемасы шешіледі.

«Палата бұл мәселеде өзіндік бір үйлестіруші болып отыр, – деп атап өтті А.Әбубәкіров. – Кадрларға деген кәсіпкерлердің өткір мұқтаждығына орай біз Дуальдық оқытудың жол картасын құру бастамасын көтердік, яғни кәсіпкерлерден  нақтылы мамандықтар бойынша кадрларға деген қажеттілік туралы мәлімет жинадық. Сөйтіп, орта техникалық кәсіптік оқу орындары даярлайтын мамандықтар – 2747 орта буын мамандарына сұраныс бар екені анықталды. 29 колледжге тапсырыс берген 94 кәсіпорын табылды. Оқу жоспарларында практикалық сабақтар 60%-ға дейін ұлғайтылды. «Оңтүстік» ИА-нан «Білікті маман» оқу орталықтары ашылды, мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында және фармацевтика индустриясы үшін кадрлар даярлау жүргізілетін ОҚО фармацевтік кластері аясында «Химфарм» АҚ жанынан 126 адам оқып шықты.

Мемлекеттік сатып алуларға келетін болсақ, 2015-2016 жылдардың басында-ақ Палата басшылығы, облыс әкімдігі, сондай-ақ құқық қорғау органдары, қаржы бақылау, салалық қауымдастықтар өкілдері құрамындағы жұмысшы мониторингтік комиссиялар құрылған. Тұрақты түрде жаңартылып отыратын 148 атаулы мемлекеттік сатып алулар базасы жасақталды, мемлекеттік сатып алулар және құрылыс саласы мониторингі бойынша жұмысшы топтары құрылды.

Мемлекеттік сатып алулар бойынша сервистік қолдау аясында 2016 жылдың басынан 104 кәсіпкерге конкурстық құжаттамалар дайындалды.

Палата отандық тауар өндірушілердіңегжей-тегжейлі базасын құрды (300-ден астам кәсіпорын). «Оңтүстік өнімдері» каталогы әзірленді. Өндірушілер kasipker.info.  бірыңғай бизнес-порталында орналастырылған.

Тұтастай алғанда, Палата екі жылдан астамғы кезеңде бизнестің проблемаларын жүйелі шешуге және бизнестің салаларын одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобаларды іске асырды. Мысалы, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен бірлесіп ОҚО-ның бос және тапшы қуаттарының электронды картасы әзірленіп, іске қосылды. Әзірленген карта Қазақстанда теңдессіз, бірден бір электронды базаекендігін атап айтқан жөн. Аталмыш карта жұмысының арқасында бүгінде техникалық шарттарды алу проблемасы шешілді және бизнестің электр желілеріне қосылуының болжамды және ашық процесі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, Палата іске асырған ірі жобалардың бірі – ОҚО фармацевтік өнімдерінің барлық ірі өндірушілерін біріктірген, оңтүстік қазақстандық фармацевтік кластердің құрылуы. Бүгінгі күні кластер аясында кластер кәсіпорындарына қызмет көрсетуге бағытталған сервистік компаниялар құру бойынша жобалық жұмыс жүргізілуде (көлік және логистика, дәрілік препараттарды халықаралық GLP стандартына сәйкес қаптамалау және сақтау) және дәрілік құралдарды сараптау бойынша зертханалар салу жобасы әзірлену үстінде. ОҚО-да белсенді іске асырылып жатқан тағы бір қызықты жоба, бұл «Жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған бизнес-мектеп». Кез келген тілек білдіруші тегін оқудан өте алады, ал оны аяқтаған соң гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, даму институттарының несиелері бойынша кепілдіктер алуға үміткер болады.

Оқытудың бірінші сатысы – мотивациялық. Палата өкілдері ЖК немесе ЖШС-ні қайтып ашуға болатынын түсіндіреді, өз ісіңді бастауға арналған қадамдық нұсқаулар береді. Содан кейін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға барып, дәл сол жерде бизнестің бүге-шігесі жайында әңгімелеседі. Жаңадан бастаған кәсіпкерлердің жобаларын Палата қаржыға қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді.

Палата директоры экономиканың негізгі факторы саналатын кәсіпкерліктің белсенділігі тақырыбын да қозғады.

«Сол себепті бизнес-идеяларыңызды белсенді іске асыруға, бизнес-бағдарлы болуға, өзіндік қамтуға шақырамын. Ал, Палата бұл істе көмектесуге дайын», – деді Асқар Әбубәкіров.


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер