astana-view

Жақып Асанов: «Бизнеске сенім артып, ескірген қағидаларсыз жұмыс істейтін кез келді»

2016 жылғы 15 Маусым
9861 просмотров

Қазақстанның Бас прокуроры кәсіпкерлер шағымының негізгі себебі әкімшілік кедергілер екенін айтты

«Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» республикалық форумында қадағалау органының басшысы ведомство жұмысындағы басты бағыттардың бірі әкімшілік кедергілермен күрес екенін атап өтті. Оның ойынша, дәл осы әкімшілік кедергілер бизнестің дұрыс жұмыс жасауына кедергі болып отыр.

«Атамекенмен» бірлесе отырып, біз эксперимент жасаймыз. Кейбіреулер рұқсат құжаттарын сұрайды. Оның әр қадамына бақылау орнатамыз. Мемлекеттік қызметтер қалай көрсетілетінін, қолдан жасалған кедергілер жоқ па, соны қараймыз, – деді Жақып Асанов. – Мысалы, Шымкент қаласының сәулет бөлімі тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді коммерциялық мақсаттар үшін пайдаланған. Стендке заң бойынша талап етуге болмайтын топотүсірілім, сызбалар, техникалық шарттар және т.б. құжаттар тізімін іліп қойған. Ал олардың барлығын бөлім басшысының жұбайына тиесілі 5 фирма жасап отырған. Әлбетте, ақшаға. Төлемедің бе, мемлекеттік қызметті де ала алмайсың. Біз осы эксперименттерді жалғастыруымыз қажет». Бас прокурордың айтуынша, шенеуніктер барлығын реттеуге тырысып бағуда. «Міне СанЕмН. Бізде олардың саны 41, онда 8 мың талап бар. Бизнеске сенім артып, осы бір ескірген қағидаларсыз жұмыс жасайтын кез келді. Клиентке не керегін бизнес жақсырақ білетін шығар», – деп мәлімдеді Ж.Асанов.

Сонымен бірге, Бас прокурор «бизнеске кедергі келтіретін құқықтық нормаларды анықтап, оларды өзгертуге қол жеткізу керектігін» айтты. «Басқаша айтқанда, бұл олардың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Елбасының саясатына сәйкестігін, ондағы бизнеске жасап отырған кедергілердің бар-жоғын, коррупциогендіктің, мақсатты маңыздылығын, тиімділігін, негізділігін және мақсаттылығын тексеру. Кәсіпкерлер құқықтық алаңның осал тұстарын теоретиктерден де жақсы біледі», – деді Жақып Асанов. Бас прокурор осы мақсатта құзырындағы сайттарда формуляр жасау қажеттігін нұсқады. «Ол қарапайым әрі түсінікті болуы шарт. Кәсіпкер НҚА атауын жазып, өзі келісе алмайтын нақты абзац, тармақ, бапты көрсетуі және өз мысалында оларды неліктен өзгерту керектігін қысқаша негіздеуі керек. Бұдан ары мемлекеттік органдар пікірін алып, ортақ талқыға шығарамыз», – деп түсіндірді қадағалау органының басшысы.

Бас прокурор тексерістерге қатысты өз ведомствосы кәсіпкерлер қызметіне айрықша жағдайларда ғана, адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнген, ал шенеуніктер әрекетсіз отырған кезде ғана араласуға құқылы екенін жеткізді. Оның айтуынша, «прокуратураның бизнесті тексеруі жоспарда жоқ және болуы мүмкін де емес». «Бақылаушылар онсыз да көп. Бірақ кейде біз араласуға міндеттіміз. Әсіресе, бақылаушылар әрекетсіз отырса, ал мұның арты ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкін болған кезде», – деді Жақып Асанов.

Бұл тұста бас прокурор «заңдарда біз бизнесті тексеруіміз керек болған жағдайлардың барлығын жазу мүмкін еместігін» айтты. «Қиянат жасаушылық орын алмас үшін тексерістер облыс прокурорының жеке шешімі бойынша ғана шығарылады, дәлірек айтсақ, оның мойнына жеке жауапкершілік артылады. Сондықтан орталықтағы және жергілікті жерлердегі өз әріптестеріме ескертемін: қателік жібермеңіздер», – деп мәлімдеді Бас прокурор.

Жақып Асанов, сонымен бірге, Қазақстанның Бас прокуратурасы 2015 жылы кәсіпкерлерге арнап тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізгенін хабарлады.

«Оның мәні – барлығын жаппай емес, жоғарғы қауіп тобындағыларды тексеру. Жыл соңына дейін бұл жүйені біздің жаңа «Тексерістердің бірыңғай реестрі» сервисімен біріктіреміз. Бір-ақ сәтте кім және қайда заң бұзып отырғанын көруге болады. Тура сол жерге тексеруші жетіп барады, – деп түсіндірді прокурор. – Заңбұзушылықтар туралы барлық ақпарат Тексеріс картасында болады. Кез келген адам сайтқа кіріп, өзіне қажетті деректерді алады. Кім жиі заң бұзса, сол, ақыр аяғында, клиентінен айрылады». Оның айтуынша, Бас прокуратура 2012 жылдан бастап «Қылмыстық және азаматтық процестердегі ымыраға келушілік» жобасын да іске қосумен айналысуда.

«Оның нәтижесі ретінде жаңа Азаматтық-процессуалдық кодексті атауға болады. Соттың басты міндеттерінің бірі ымыраластыру болып отыр. Бітімге келудің жаңа құралдары пайда болды. Сондықтан қылмыстық процесс проблемаларын шешумен қатар, бизнес, әсіресе, шағын және орта бизнес туындаған дауларды шешу үшін қыруар шығынға батпас үшін қажетті құжатты жетілдірген жөн. Бұған біздің «Шағымсыз қоғамға жету» жобамыз да септігін тигізетін болады. Оның мақсаты – бизнесті мемлекетпен қарым-қатынасын сот арқылы шешуге итермелейтін себептерді жою», – деп түйіндеді Жақып Асанов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер