astana-view

Жеке ұйымдардағы өрттердің басты себебі – қожайындарының сараңдығы

2016 жылғы 16 Маусым
- Алматы қаласы
6236 просмотров

Алматылық кәсіпкерлерге өртке қарсы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлермен болған кездесуде тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан жапсарлас-қосарлас шаруашылық жүргізу объектілерінде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.  Шара барысында кәсіпкерлерді өрттің алдын алудың маңыздылығы, объектіде төтенше оқиға болған жағдайда құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл жасауды үйлестіру жайында құлақтандырды.

«Әсіресе, тұрғын үй ғимараттарының бірінші қабаттарында орналасқан немесе жапсарласқан және негізінен газ баллондарын пайдаланатын кішігірім дүкендер, дәмханалар мен дөнер жасайтын орындар  өте  қауіпті. Алматы қаласы ТЖ департаментінің деректері бойынша, қалада мұндай  146 мекеме бар. Тұрғын үйлердің астында орналасқан жапсарлас-қосарлас сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілерінің ең көбі – 73-і Алматының Алмалы ауданында тіркелген», – деп мәлімдеді Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Марат Бекбаев.

Ол, сондай-ақ, төтенше оқиғалардың алдын алу мақсатында, кәсіпкерлер объектінің өрт қауіпсіздігіне ішкі тексеру жүргізу үшін Алматы қаласы ТЖД ұсынатын жекеменшік ұйымдарға жүгіну мүмкіндігіне ие екендігі жайлы ескертті. Аудиттің нәтижесі үш жыл бойына жарамды, тиісінше, осы кезеңде компания ТЖ департаментінің тексерулерінен босатылады.

«Объектіні біз азаматтардың шағымы бойынша ғана тексере аламыз, бизнесті кез келген жоспардан тыс тексеру заңсыз деп есептеледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда біз ескерту хат жолдаймыз, сол бойынша кемшілікті екі ай ішінде жою қажет. Керісінше жағдайда материалдар аталмыш объектінің қызметін тоқтату үшін Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына тапсырылады», – деп, Марат Бекбаев қолданыстағы ережелерді кәсіпкерлердің есіне салды.

Алматыдағы өрттердің, Алматы қаласы ТЖД Өрт сынақ зертханасының бастығы Александр  Раудың айтуынша, бірнеше себептері бар. Көп жағдайда бұл электр сымының тұйықталуынан болады. Сондай-ақ, өртті өз бетімен өшіру, өртке қарсы қызметті кеш шақыру, оңай тұтанғыш материалдарды қолдану, газ баллондарының болуы.

«Бірақ, өрттің пайда болуының басты себебі, менің көзқарасым бойынша, бұл бизнес қожайындарының әдеттегі сараңдығы. Ғимаратты салу кезінде және монтаж жасағанда қожайынның үнемдеп қалуға ұмтылуының кесірінен бір фазалы электр желісі орнатылады да, ол үлкен салмақты көтере алмай қалуына әкеп соғады. Жаңадан бастаған мейрамхана иесі мынадай қисынға  жүгінеді: менде ас үйде тек қысқа толқынды пеш пен тоңазытқыш болады, ал шын мәнінде онда қосымша құрал-жабдықтар да орнатыла береді. Не болмаса кеңсе иелері: тек компьютерлерді есепке алады, ал кейіннен сол бір розеткаға факс, принтер, теледидар, желдеткіштер қосылады. Сонымен не болады дейсіз? Шамадан тыс артық жүк сымның қызып кетуіне, тоқ айырудың жоғалуына әкеп соғады, ақыры соңында  – қысқа тұйықталу. Сол себепті электр монтажы нормаларға сәйкес келе ме, әлде жоқ па, дер кезінде тексеру жүргізіп отыру қажет», – деді өз сөзінде Александр Рау.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер