astana-view

Сыбайлас жемқорлықпен күрес хартиясы қабылданды

2016 жылғы 16 Маусым
3507 просмотров

Хартия негізінде 3 үлгілік кодекс жасалады

Астанада өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Съезінде  «Атамекен» ҚР ҰКП әзірлеген Қазақстан кәсіпкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясы қабылданды.

Палата жанындағы Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, отандық іскерлік топ Тәуелсіздік жылдары аталған қоғам дертінің тамырына балта шабу бойынша Президент бастамасымен үздіксіз жүргізіліп келе жатқан жүйелі істерді толығымен қолдайды. Сондықтан ерікті түрде тиімді құралдар тетігін қолданысқа енгізген жөн.

«Бұл бекітілетін құжат алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге негізделген. Ондағы басты әлеуметтік-саяси көзделген мақсат – кәсіпкерлердің заң баптарын бұлжытпай сақтай отырып, бизнес-қоғамдастық атынан жағымсыз жайтқа қарсы күш біріктіруі. Сондай-ақ, мемлекетпен сындарлы ынтымақтастық орнату қажеттілігі де назарда ұсталады. Хартия ұстанымдарына қосылған ұйым корпоративтік басқарудың үздік үлгілерін кәдеге жаратуға ұмтылады деп сенеміз. Мұндағы нақты шаралар қолайлы бизнес ахуалын орнатуға көмектесетіні сөзсіз», - деп таныстырды Хартия мазмұнын Қайырбек Сүлейменов.  

Съезде мақұлданған маңызды құжат Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2020 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру аясында, тиісті жаңа Заң талаптарын ескере отырып дүниеге келген.

Хартия негізінде 3 үлгілік кодекс жасалады деп жоспарлануда (корпоративті басқару, кәсіпкерлік әдебі, сатып алулардың тиімді тәжірибесі).

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер